«ДДСҰ коронавирусты пандемия деп жариялады. Үкімет арнайы алдын алу шараларын қолға алады. Қоғамдық іс-шаралар уақытша тоқтатылады. Азаматтар азық-түлікпен және ең қажетті тауарлармен үздіксіз қамтылады. Шағын және орта бизнес зардап шекпеуі тиіс. Ең бастысы – азаматтарымыздың денсаулығы. Біз қиыншылықтарды #Birge еңсереміз», – деп жазды президент.
Ведомствоаралық жұмыс тобы мынадай шешім қабылданғанын мәлімдеді:
- Мерекелік, спорттық, мәдени шаралар, конференциялар, көрмелер өткізуге тыйым салынады;
- Денсаулық сақтау, білім беру объектілерінде және қоғамдық көпшілік орындарда, халықты қамтамасыз ету орталықтары, коммуналдық шаруашылық, тамақ өнеркәсібі, сауда, базарларда қоғамдық тамақтану, вокзалдар, әуежайлар, қонақ үйлерде күшейтілген санитарлық дизенфекциялық режим орнату;
- Қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған медициналық-әлеуметтік нысандарға, әлеуметтік оңалту орталықтарына, мүгедек балаларға арналған оқу орындарына баруға тыйым салынып, онда күшейтілген санитарлық- дизенфекциялық режим енгізіледі;
- Каникул кезінде оқушыларға өңірден тыс жерлерге экскурсия жасауға тыйым салынып, қоғамдық көліктерді жуу-дезинфекциялау жүреді.
Бұған дейін бас санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин осы күндері Қазақстанда қатерлі вирусты жұқтырғандар тіркелетінін болжаған еді. Мұны денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов та растап, биліктің «Б» жоспарына дайын екенін хабарлаған.
Сондай-ақ вице-премьер Ералы Тоғжанов «2020 жылдың 16 наурызынан 5 сәуіріне дейін орта білім беру мекемелері уақытынан бұрын демалысқа шығады. 16-сынан бастап техникалық және кәсіби білім беру және ЖОО-лар қашықтан оқыту түріне көшеді», – деді .
Бүгін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Аданом Гебреисус коронавирус инфекциясының таралуын пандемия деп мәлімдеді.
Женевада өткен брифинг кезінде ұйым өкілдері: «Алдағы таяу күндері және осы аптада COVID-19-ті жұқтыру фактілері, өлім жағдайлары және зардап шеккен елдер саны бұдан да артатынын болжап отырмыз. Біз COVID-19 инфекциясының таралуын пандемия деп сипаттауға болады деген тұжырымға келдік», – деді.
Бүгінгі деректер бойынша, әлемде қауіпті вирусты жұқтырғандар саны 124997 адамға жеткен. Қайтыс болғандар саны – 4622 адам.