Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мен АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпео телефон арқылы сөйлесті.

СІМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, тараптар екіжақты ынтымақтастық пен халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылаған.

2 ақпанда Қазақстанға мемлекеттік жұмыс сапарымен келген АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпео ел билігін Шыңжаңдағы азшылық ұлттардың қудалануын тақырып еткен. АҚШ хатшысы сөзінде: «Шыңжаңдағы жағдайға келсек, Қытай үкіметіне де, бүгінгі сапар барысында Қазақстан үкіметіне де әркіммен қажетті дәрежеде дұрыс қарым-қатынас жасау керектігін күтетінімізді анық жеткіздік. Ал ол жақта мүлде басқа нәрсе болып жатыр. Қазақстан Қытай сұраса да, азаматтарды еліне қайтармай, дұрыс істеді. Біз бұған қуаныштымыз. Бірақ бұл шешілуі тиіс мәселе екенін түсінеміз. Фундаменталды негізгі адам құқықтары маңызды. Бұл қуғын-сүргінді дереу тоқтату үшін АҚШ барлық елді Бейжіңге қысым жасауға шақырады. Біз Қытайдан қашатындарды қауіпсіз баспанамен қамтамасыз етіп, оларға пана беруді сұраймыз. Адамшылық көрсетіп, дұрыс жасаңыздар», – деген болатын.

"The Qazaq Times"