Кеше Қытай Сыртқы істер министрлігі баспасөз жиналысын өткізіп, ресми Бейжіңнің АҚШ пен «Талибан» арасындағы бейбітшілік келісімін қолдайтынын жеткізді.

Қытай СІМ өкілі Жау Лижиян сөзінде: «Қытай тарабы АҚШ пен «Талибан» ұйымының бейбіт келісімге қол қоюын қалайды. Бұл Ауғанстан мәселесінің саяси шешімін алға ілгерілетеді», – деген. Оның айтуынша, бейбітшілік келісімі өңірдегі дағдарыстың ертерек реттелуіне, бейбітшіліктің орнығуына әсер етеді. Сондай-ақ, Қытай тарабы келісімнен кейін ауған жеріндегі шетелдік әскери күштердің өңірдегі қауіпсіздікке деген жауапкершілігі тіпті де күшті болуы керек деп қарайды. Бейжің террорлық күштердің Ауғанстандағы жағдайды пайдаланып кетпеуін қадағалауды талап етеді.

Ауғанстан Қытайдың Шынжаң жерімен шектесіп жатыр. Сондықтан да, Қытай билігі ауған жеріндегі террорлық топтардың күш алуынан және оның жақын тұрған Шынжаң жеріне ықпал етуінен қатты алаңдайды. Шынжаңдағы жергілікті халықтардың наразылығының күшеюіне байланысты Қытайдың Шынжаң саясаты қатаң күйінде тұр. Соңғы жылдары Шынжаң сыртқы әлемге мүлде жабық.

Шынжаң мәселесінен тыс Қытай үкіметі Ауғанстанға қолдау көрсету арқылы ондағы тау-кен байлықтарын ашып пайдалануға қол жеткізуге дәмелі. Әсіресе, ауған жеріндегі мыс кен байлығы Қытай өндірісі үшін іргедегі таптырмас байлық болып саналады.

Бірақ, бұл Қытай үшін оңай қолға келе қоймақ емес. Себебі, Ауғнастанда түйіскен державалар мүддесінің ойыны аса нәзік жүріп жатыр. Қытай үкіметі бейбітшілік процесін қолдай отырып, терроризмнің жайылып кетуінен де алаңдайды. Сондықтан да Бейжің Кабул билігімен қоса тәліптермен де тығыз байланыс орнатуға тырысып жатыр.

 

“The Qazaq Times”