Бүгін Ақмола облысындағы Талапкер ауылында жуырда ғана 43 жасқа толған, "өлімінің саяси астары бар" делінетін астаналық азаматтық белсенді Дулат Ағаділдің жаназасынан соң Алматы қаласында белсенділер қаралы жиын өткізіп, прокуратурадан соңғы митингте ұсталғандарды дереу босатуды талап етіп жатыр.
Алматыдағы "Республика" алаңының маңында да белсенділер жиналып, Дулат Ағаділдің өліміне байланысты аза тұтты. Жиналғандар арасында Балташ Тұрсымбаев және Жасарал Қуанышалин қатарлы қоғам қайраткерлері мен жас саясаткер Жанболат Мамай бар. Белсендіні саяси жүйенің құрбаны деп санайтын жұртшылық Батыс Желтоқсан-Махатма Ганди көшелерінің қиылысындағы Алматы қалалық прокуратурасы ғимаратының алдына барып, "прокурор шықсын", "бостандық", "22-сі ұсталғандар босатылсын", "Ағаділдің өлімі әділ тергелсін" деп ұрандасты.
Жиналғандар Дулат Ағаділдің өліміне тікелей билік кінәлі, билік бұл арқылы қоғам белсенділерін қорқытуды көздеп отыр, билікке қарсы шықпауға көндіргісі келеді деп санайды.
Дәл қазір Алматы қаласының прокуроры Жүйріктаев Берік Қуанышбекұлының халық алдына шығуын талап еткен 60-70 шақты белсендіні полиция сырттай бақылап, торауылдап тұр. Көпшілікпен тілдесуге тырысқан, өзін прокурор орынбасарының өкілімін деп таныстырған шендінің сөзін азаматтар бөліп, айтқызбай қойды.
Құқық қорғау органының өкілі ортаға шығып "Дулат Ағаділдің қазасына біз де қайғырып көңіл айтамыз. Мына жиындарыңыз заңсыз. Жауапкершілік барын ескертеміз. Тарауларыңызды сұраймыз" деп айтты.
Соңғы бейнеүндеуінің бірінде "өзінің ішімдік ішпейтінін, темекі тартпайтынын, билік кез келген әдіспен өлтіруі мүмкін екенін" ескерткен Дулат Ағаділдің белсенділер оның бұрын соңды «жүрек талмасымен» ауырмағанын айтады.
Белсендінің қаза болғаны хабар тараған күннен бері астанада, Алматы және Шымкент қаласында жұрт наразылыққа шыққан. Алғашқы күні-ақ елордада елуге жуық белсендіні полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бақытжан Малыбаев бастаған жасақ төрт автобусқа күшпен тиеп алып кеткен еді. Ал кешкілік Алматыдағы Целинный кинотеатрының маңына жиналған 50-60 шақты белсенді президент Қасым-Жомарт Тоқаев, қала прокуроры Берік Жүйріутаев пен ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың атына талап арыз жазып, БАҚ арқылы ресми түрде жауап беруін сұраған болатын.
24 ақпан кешкісін сағат 20:48-де формасыз келген бір топ полицей "сотқа тіл тигізді" деген айыппен Дулат Ағаділді «ешқайда кетпеу» туралы шарасы ретінде үйінен алып кеткен еді. Бірақ бар болғаны 30 шақырымға жетер-жетпес қашықтықтағы изоляторға түнгі сағат 00:00 шамасында жеткізіп, абақтыға жапқан.
Құзырлы органдар 25 ақпан кешкісін өткен брифингте азаматтық құқық пен демократиялық құндылықтардың орындалуын талап ете жүріп бірнеше рет сотталған белсенді Ағаділов өлімінің себебін «жүрек қан тамырларының жетіспеушілігі» деп атады.