22 ақпан өтуі мүмкін санкцияланбаған митинг қарсаңында Орал қаласындағы ең ірі сауда орталық бір күнге жұмысын тоқтатпақ.
Бұл жөнінде «Орал апталығы» басылмы «City Center» ОССО-ның Instagram желісіндегі хабарламасына сілтей отырып хабарлады . 2Gis навигаторының дерегі бойынша, бүгінгі таңда ғимаратты 373 ұйым жалға алады. Атап айтқанда онда қаладағы ірі кинотеатр мен балалар ойын-сауық орталығы орналасқан, кәсіпкерлерге бір демалыс күнін жұмыссыз өткізу зор шығын болмақ.
«Әлеуметтік желілерде 2020 жылдың 22 ақпанында «Сity Center» ОССО аумағында ҚДТ қозғалысының жақтастарының рұқсат етілмеген митинг өткізу туралы шақыруы тарай бастады. «City Center» әкімшілігі өз тарапынан мұндай акцияны мүлдем қолдамайтынын мәлімдейді. Біздің кешен қала халқының демалысы мен бос уақытын өткізу орны ретінде құрылған, қандайда бір күштер бізді өз қажетіне пайдалануына қарсымыз. Біз құқық қорғау органдарына тұтынушылар қауіпсіздігі мен мүліктің қорғалуын қамтамасыз ету туралы өтініш жаздық. Осыған байланысты «City Center» 22 ақпан 18.00-ге дейін жұмыс жасамайды. Осы жағдайға түсіністікпен қарауыңызды сұраймыз», – делінген қоғамдық кешеннің хабарламасында.
Сауда орталығының әкімшілігі шығындар туралы түсініктеме беруден бас тартқан. Сарапшылар «азаматтық қоғамның наразылығын «бүлік», «бүлдіргі», «арандату» ретінде сипаттауға тырысудың астарында биліктің айтағы болуы ықтимал» деп санайды.
Соңғы кездері «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құруды көздейтін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөз еркіндігіне рұқсат беретін кепілдігі митинг қарсаңында өз күшін жоғалта бастады. Facebook желісіндегі азаматтық бастамаға мониторинг жүргізушісі #IHaveAChoiсe #ActivistsNotExtremists және адам құқығын қорғауға арналған Qaharman тобы митинг қарсаңында, ақпан айының 6-18 аралығында 11 қаладағы 35 белсендіге полиция тарапынан әртүрлі шара қолданылғанын жариялады.
Әлеуметтік желілерде біраздан бері экс-банкир, қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов жетекшілік ететін, елде экстремистік ұйым ретінде танылып, қызметіне тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы интернет арқылы азаматтарды 22 ақпанға жаппай митингіге шақырып келеді. Әблязовтің жұртшылықты митингіге үндеуімен қатар жарыса профилакикаға қамданатын ІІМ қоғамда «басқаша ойлайтын» белсенділерді әртүрлі айыптармен үйде немесе изоляторда қамауда ұстауды әдетке айналдырған.
Айтпақшы, бұл күні Демпартия құруды көздейтін бастамашыл топтың жетекшісі белсенді Жанболат Мамай бастаған қозғалыс жақтастары да митингке шығатынын мәлімдеген.
Көптеген белсенділер аталған «санкцияланбаған митинг» қарсаңында жауапқа тартылып жатыр.
Тоқаев өткен жылы 5-6 желтоқсандағы Германия еліне мемлекеттік жұмыс сапары қарсаңында желтоқсанның 4-і Deutsche Welle неміс басылымының тілшісі Жанна Немцоваға берген сұхбатында « Бүгінде жеке пикет жасағаны үшін ешкім жазаланбайды» деген болатын. Сондай-ақ былтыр күздің басында мемлекет басшысы Тоқаев Қазақстан халқына арнаған жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын таныстырған еді. Бұл «азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратынын» айтқан президенттің сөзі мен ісінің теңдігі туралы қоғам пікірі әр алуан. Тоқаев тұңғыш жолдауында:
«Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады. Сондықтан азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ, аса маңызды жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет», – деген болатын.