Америка Құрама Штаттарының жоғары лауазымдылары Қытайды америкалық қоғам мен үкімет құрылымдарына астыртын араласып отыр деп айыптап келеді. Қытайдың араласуы туралы АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео қайталай ескерту жасады.
Бір күн бұрын Fox Business Channel телеарнасындағы бағдарламаға қатысқан Помпео Қытайдың америкалық қоғам мен үкімет құрылымына астыртын әсер етуге ұмтылып жатқанын, ал америкалықтар бұны терең сезіне бермейтінін айтты. Ол сондай-ақ америкалықтардың бұндай салғырттығы Қытайға үлкен мүмкіндік береді деген пікірін ортаға салды.
АҚШ мемлекеттік хатшысының айтуынша Қытай компартиясының АҚШ-қа килігуі білім беру және академиялық салаларды да қамтып отыр. Ол Қытайда Конфуций институты және «Мың дарынды» қатарлы бағдарламалары бар екенін алға тартты. «Біз бұлар арқылы Қытай коммунистік партиясының АҚШ-та жұмыс істеуіне мүмкіндік беруге мәжбүр болып отырмыз. Бірақ бізде мұндай әрекеттерді Қытайда да өзара тең негізде жасауға мүмкіндігіміз жоқ», – деген Майк Помпео.
Өткен айда Гарвард университеті химия кафедрасының меңгерушісі Чарльз М. Лэйбер тұтқынға алынып, бүкіл академиялық қауымдастықты дүр сілкіндірген еді. АҚШ Әділет департаменті Лэйберді Қытайдың «Мың дарынды» бағдарламасына қатысқанын, АҚШ Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық денсаулық сақтау институттарына (NIH) жалған мәлімдемелер бергенін айтты. Қытайдың аталған бағдарламасына қатысқаны үшін бұдан бұрында бірқатар америкалық ғалымдар қамауға алынған болатын.
АҚШ мемлекеттік хатшысы сұхбатында: «Біз америкалық ғалымдарды, америкалық зияткерлік меншікті және америкалық жаңашылдарды қамтамасыз етуіміз керек, оларды Қытай коммунистік партиясының араласуынан қорғауымыз керек», – деген пікірін айтты.
Өткен сенбіде Помпео Құрама Штаттардың губернаторлары бас қосқан жиналыста штат губернаторларына осы мәселеге байланысты ескерту жасаған еді. Ол Америка Құрама Штаттары федералды, штаттық және жергілікті деңгейде Қытаймен бәсекелесетінін, нәтижесінде бұл АҚШ-тың сыртқы саясатына және ұлттық қауіпсіздігіне әсер етіп жатқанын айтқан.