Әзірбайжан республикасы мен Арменияның бейбіт келіссөздерді жалғастыру және келіссөздердегі мәселелер жайлы жаңа қайшылықтарымен бір мезгілде Баку мен Ереванның өзара қоқан-лоққылары да күшейе түсті. Бұл туралы "Фарс" баспасөзі жазды.
Бұл салада Бакудың ақпарат құралдары Әзірбайжан республикасының Арменияға қоқан‑лоққы жасағанын хабарлады. Арменияның Президенті Серж Саргсян Әзірбайжан республикасымен ықтималды қақтығыста «Ескендір» зымырандарын қолдану мүмкіндігі жайында қоқан‑лоққы жасағаннан кейін осы елдің Қорғаныс министрлігі де Армениядағы маңызды стратегиялық мақсаттардың барлығы Әзірбайжан республикасының зымырандары мен артиллериялық қаруларының нысанасына алынған деп қоқан‑лоққы жасады.

«APA» ақпарат агенттігінің хабарлауы бойынша, Әзірбайжан республикасы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі Арменияның Президенті Серж Саргсянның Ереванның «Ескендір» зымырандарын атуға бұйрық беруге дайын екенін айтқан сөздерін Арменияда өтетін сайлаудың алдындағы ішкі қоғамға арналған сөздер деп бағалап: «Армения Әзірбайжан республикасының басып алынған жерлерінің, сондай‑ақ Арменияның барлық әскери орталықтары мен маңызды стратегиялық орындарының Әзірбайжан республикасының армиясы соңғы жылдарда сатып алған жаңа зымырандар мен артиллериялық қарулардың тұрақты түрде нысанасына алынғанын түсінуі тиіс»,‑деп қуаттады.

Бұдан бұрын Әзірбайжан республикасының СІМ Армения Президентінің даулы Қарабақ аймағына сапармен баруына наразылық білдірген болатын. Баку үкіметінің Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына ресми наразылық білдірген хатында Армения Президентінің өзін‑өзі жариялаған Қарабақ республикасына сапарын заңсыз және халықаралық құқықтарға қайшы деп сипаттаған.

Тараптардың қақтығыс тарихын ескере отырып, қазіргі қайшылықтар мен жауласушы екі елдің өзара қоқан‑лоққыларына байсалдықпен қарау керек. Бұл қоқан‑лоққылар Әзірбайжан республикасы мен Армения арасында соғыстың қайта басталу ықтималын күшейте түседі.

Әзірбайжан республикасы мен Армения арасындағы жер дауы 1988 жылы, яғни осы екі елдің 1991 жылы тәуелсіздік алғанына үш жыл қалғанда басталып, әлі күнге дейін жалғасып келеді. Бұл соғыстың салдарынан Әзірбайжан республикасының 40 мыңға жуық азаматы қаза тауып, 1 миллионнан астам адамы өз үйлерінен босып кетті. Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына қарасты Минск тобының көмегімен 1994 жылы мамыр айында Баку мен Ереван арасында атысты тоқтату бітіміне қол қойылған соң тараптардың қақтығыстары біршама азайды. Келісімге қол қойылғанына қарамастан, жауласушы екі елдің текетіресі аяқталмай, бейбіт келіссөздер нәтиже бермеді. Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына қарасты Минск тобы 1992 жылы Таулы Қарабақ қайшылығын тоқтату мақсатында құрылды. АҚШ, Ресей мен Франция осы топты басқаруды өз мойындарына алды. Минск тобының басшылары осы күнге дейін қарсыласушы тараптарға бірнеше бейбіт шешім жобасын ұсынды. Бұл бейбіт жобалар әр кезде бір немесе екі тараптың да қарсылығына ұшырап отырды. Мұнымен бір мезгілде атысты тоқтату бітімі де орындалуын кепілдендіретін құжаттардың болмауына байланысты өткен жылдарда әрдайым бұзылып отырды. Осындай үдеріс 2016 жылдың сәуір айында тараптар арасындағы шашыраңқы қақтығыстар тағы да нағыз соғысқа әкеліп соқтырғанға дейін жалғасты. Тараптар 48 сағаттың ішінде бір‑біріне қатты шығын әкелді. Қақтығыстар тарихы мен өзара сенімнің жоқтығын ескерсек, тараптардың қоқан‑лоққыларының тағы да соғысқа ұласатындығында күмән жоқ. Соғыстың басталуы оңтүстік Кавказда орналасқан жауласушы екі елдің де ұлттық мүдделеріне қайшы келеді. Сол себепті соғыстың алдын алуға міндеттелген Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына қарасты Минск тобы қазірден бастап қарсыласушы екі елдің ісіне араласып, Кавказдағы жер дауының тараптары арасында нағыз соғыстың басталуына тосқауыл қоюы керек.

“The Qazaq Times”