Ресейдің Бас прокуратурасы бұрынғы шенеуніктер мен олардың отбасыларының шығындарын бақылауды ұсынды. Құзырлы орган шенеунік жұмыстан шыққаннан кейін де олардың жемқорлық схемаларын осылай әшкерелеуді көздеп отыр. Бұл туралы "Известия" газетіне сілтеме жасап "Орталық Азия хабар қызметі" жазды.
Олардың мүліктері заңсыз жолмен алынғаны анықталса, бұрынғы мемлекеттік қызметкерлер мен олардың отбасылары ол мүліктен айрылады.
Бақылау шенеунік жұмыстан шыққан күннен бастап үш жыл бойы жүргізіледі. Экс-шенеунік шығындарының сәйкес келмеуі оны тексеруге негіз бола алады.
Бас прокуратура өкілінің айтуынша, қазіргі таңда мемлекеттік қызметтегілердің ғана шығыны тексеріліп жүр. Олар жазадан құтылу үшін әдетте жұмыстан кетіп жатады, соған байланысты прокуратура сотқа арыздануға негіз таппай қалады.
ІІМ мәліметі бойынша, Ресейде 2016 жылы параның орташа көлемі 75 пайызға өсіп, 328 мың рубль болған.
“The Qazaq Times”