Атышулы шенеуніктің бірі әрі ірісі Бағдат Мәнізоров Алматы облысы әкімінің орынбасары қызметінен босатылды.
ҚазТАГ ақпарат агенттігінің хабарлауынша, «Мәнізоров әкім орынбасары қызметінен кетеді. Ол арыз жазып қойған».
Жергілікті БАҚ-тың дерегіне қарағанда, әкім орынбасарының алдағы жаңа қызметі «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» болуы мүмкін. Мәнізоровтен басқа, әкім аппаратының басшысы Темірлан Бектасов та қызметінен кетеді. Оның орнына Алматы облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Серік Тұрдалиев тағайындалатын көрінеді.
«Мен бүгін арыз жазамын. Қазір сағат 10-да, әлгі жағдайдан кейін төрт ай жұмыс жасадым. Өзімді өзім көрсеттім. Прокуратураның қаулысы бар, тазамын. Мұндай шешімді өзім қабылдадым. Осы қызметтен кеткім келеді, өзім үшін өмір сүргім келеді.»,- дейді Бағдат Мәнізоров.
Аймақ әкімінің орынбасары қайда жұмысқа баратынын айтпаған. Сондай-ақ экс-шенді өзінің бұл шешімді қабылдау себебін түсіндіруге тырысып баққан:
«Әзірге бір-екі ай демаламын, арғы жағын уақыт көрсетеді. Содан кейін айтатыным, маған ешкім жұмыстан кет деп жатқан жоқ, мен мансапқұмар емеспін. Бұл жұмысқа жабысып тұрған жоқпын, өзім шешім қабылдадым, соны дұрыс түсініңіздер. Бұл жұмысқа мен бір пайда табу үшін немесе жемқорлықпен айналысу үшін келген жоқпын. Бұл жерге жұмыс істеу үшін келген едім. Кейбір адамдарға керек болса бұл жұмысты өткізіп беремін. Өзімнің айналысатын басқа істерім бар»,- деді.
Бұған дейін былтыр 26 қыркүйекте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Мәнізоровті ірі көлемдегі алаяқтық жасады деген күдікпен ұстаған еді. Кейіннен оған тағылған айып Алматы қаласының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына басшылық ету кезіндегі заң бұзушылықтарға байланысты екені анықталған болатын.
Өткен күздің 29 қазанында Бас прокуратура Мәнізоровты қамаудан босатты. Алайда 31 қазанда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қылмыстық істі тоқтатуға келіспейтінін хабарлады.
27 қарашада ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов Мәнізоровқа қастысты істе дәлелдер бар екенін мәлімдеген.
Бағдат Мәнізоров әр жылдары Алматы облысындағы Ақсу және Көксу аудандары мен Алматыдағы Алатау ауданынның әкімі қызметін атқарған.