Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өткенін хабарладық. Үкімет бастығы оқыған қорытынды баяндама мен таныстырған презентациясының тілі көптің көңілін күпті етті.
Асқар Маминнің президенттің қатысуымен өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінің 82,4%-ы орысша, 17,6%-ы қазақша. Үкімет басшысының сайтында жарияланған баяндама 2323 сөзден тұрады, оның тек 410 сөзі ғана мемлекеттік тілде. Қазақстан Республикасының үкімет жетекшісінің қазақ тіліне қатысты көзқарасы кез келген тіл жанашырын ойландырары анық. Премьердің слайд-презентациясы да орыс тілінде берілген.
Бұл мәселе тек премьер-министрдің ғана басында емес. Көптеген шенеуніктерден бастап президентте де бар «ерекшелік». Өткен аптада Қасым-Жомарт Тоқаев «300 ақордалық» кадрдың тұсаукесерінде ел жастарына үндеу жасағаны есімізде. Онда Ақорда жариялаған 2564 сөзден тұратын президент үндеуінің 1736-сы – орысша, 828-і ғана қазақ тілінде болған еді. Яғни мемлекет басшысының спичрайтері мәтіннің 67,7%-ын орыс тілінде дайындаған. Бұл бірінші рет емес. Желтоқсанда Ұлттық сенім кеңесінің екінші отырысындағы баяндаманың (3851 сөз) да тек 1288 сөзі (33,4%) ғана қазақ тілінде оқылды. Бұған дейін қыркүйектің 2-сі Тоқаев «Қазақстан халқына жолдауының» тек 25%-ы ғана мемлекеттік тілде жазылған еді. Ондағы 5960 сөздің 1497-сі қазақ тілінде, ал 4463 сөзі орыс тілінде. 75%-ы орыс тілінде жасалған жолдау Қазақстан халқына арналды. Сондай-ақ 16 тамыздағы дәстүрлі Тамыз кеңесінде айтылған «тосын баяндаманың» 29,4%-ы ғана мемлекеттік тілде болды. Тоқаевтың Тәуелсіздік сарайында оқыған көлемді мәлімдемесіндегі 2414 сөздің 711-і ғана қазақ тілінде. 3/1-іне де жетпейтін бөлігі ғана мемлекеттік тілде жарияланды.
Премьер-министр таныстырған баяндаманың негізгі бөлімі мен презентация орыс тілінде жасалған: