Бүгін сағат 10:30-да мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы басталды. «Өткенді саралап, алдағыны жоспарлау» жиынында президент Тоқаев «экономикалық өсім 4,5%-ға жетті» деп сүйіншіледі.  

Сөз алған үкімет басшысы Асқар Мамин еліміздің 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы және биылғы жоспар жөнінде баяндап бақты. Ол «өңдеу өнеркәсібі 4,4%-ға, тау-кен өнеркәсібі 3,7%-ға, металл кенін өндіру көлемі 16%-ға, негізгі капиталға инвестиция 8,5%-ға, жеке инвестиция 9,5%-ға, халықтың нақты табысы 5,5%-ға, 2,7 млн адамның жалақысы өсті» деп ағынан жарылды.

Асқар Маминнің айтуынша, әзірге қағаздағы сан-есеп бойынша биыл Қазақстанда 15 млн шаршы метр тұрғын үй салынып, 150 мың отбасы жаңа баспанаға ие болатын көрінеді. Сондай-ақ 430 мың жаңа жұмыс орны ашылатыны хабарланды.

– Мұнда жаңа жұмыс орындары негізінен туризм, сауда мен құрылыс салаларында, сондай-ақ, өңдеу өнеркәсібі мен АӨК саласында да жаңа жұмыс орындары ашылады, – деді пермьер-министр.

Асқар Маминнің сөзінше:

  • Алдағы 7 жылда 3,5 мың ауылдағы инфрақұрылымды дамытуға 900 млрд теңге жұмсалмақ;
  • «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 800 жоба жүзеге асырылады;
  • 2026 жылға қарай 1,2 трлн теңгелік жеке инвестиция тарту арқылы заманға сай ірі 19 жаңа медициналық орталық ашылады;
  • 2020 жылы 200 жаңа мектеп ашылады. Оның 100 – жеке мектеп;
  • Биыл 44 студенттік жатақхана пайдалануға беріледі;
  • Биыл 90 млн тонна мұнай мен 56,3 млрд куб газ өндірілмек;
  • Үкімет экономика өсімін 4,7-5 % деңгейге жеткізбек;
  • 430 мың жаңа жұмыс орнын құрылмақ;
  • Шикізаттық емес экспортты $18,6 млрд дейін жеткізу;
  • Халықтың нақты табысын 6%-ға арттыру,
  • Микро-орта бизнестің экономикадағы үлесін 30%-ға дейін ұлғайту;
  • 15 млн шаршы метр тұрғын үй салу;
  • Ауыл шарушалығы өнімдерін сырттан әкелуді 6%-ға азайтпақ;
  • Агроөнеркәсіп саласында 40 мың жаңа жұмыс орны ашылады.

"The Qazaq Times"