Қазақстан президенті «Б» корпусының мемлекеттік лауазымдарына жұмысқа орналасуға мораторий жариялауы мүмкін.
«Ашық НҚА» сайтында жарияланған жарлықта: «Б» корпусының бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналасуға жалпы конкурстарды жариялауға 2021 жылғы 1 қаңтарға дейін мораторий енгізілсін», – делінген.
Еңбек заңнамасына сәйкес мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын мемлекеттік қызметшілердің штат санын 2020 жылдың 1 сәуірінен бастап 5 пайызға қысқарту ұсынылып отыр. Бұл құжат 27 қаңтарға дейін қоғамдық талқылауға ұсынылады.
Мораторий енгізілмейтін органдар қатарында адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық; ауылдық округтер әкімдерінің аппараттары; жоғары сот кеңесі; конституциялық кеңес; қорғаныс министрлігі; парламент палаталарының аппараттары; президент әкімшілігі; президенттің іс басқармасы; премьер-министрдің кеңсесі; тұңғыш президент – Елбасының кеңсесі; тұңғыш президенттің мұрағаты; орталық сайлау комиссиясы бар.
Айта кетейік, осыған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін шағын кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторий жариялаған болатын. Сондай-ақ 2020 жылдың 31 желтоқсанына дейін квазимемлекеттік сектор субъектілерін құруға мораторий енгізуді тапсырды.