Қазақстан «білім алуға» және «бала тәрбиесіне» ең ыңғайлы елдердің қай қатарында? Халықаралық рейтинг бүй дейді...
Қазақстан экономикасына мониторинг жүргізетін Ranking.kz порталының мәліметінше, мектепке дейінгі білім беру саласында 2019 жылдың үшінші тоқсанында көрсетілген қызметтердің көлемі 92,6 млрд теңгені құрады, ал былтырғы көрсеткіш 72,5 млрд болған. Оның ішінде 79,9% (74 млрд теңге) бюджет есебінен болса, қалған 19,7% (18,23 млрд теңге) ата-аналар мен қамқоршылар кеңесіне тиесілі. Ал 0,4% (353,4 млн теңге) кәсіпорындар есебінен.
Жуырда Usnews.com көпплатформалы рейтинг жүргізетін ақпарат порталы жариялаған тізімде Қазақстан білім беру және бала тәрбиесі бойынша ең төменгі орыннан көрінді.
Қазақстан «Бала тәрбиесі жөнінде ең үздік елдер» рейтингісінде 73 елдің арасында 73 орынға, ал «білім беру саласындағы үздік елдер» рейтингінде Қазақстан 73 елдің арасынан 70 орынға жайғасқан.
Бала тәрбиесіне қолайлы елдерді 8 категория аясында анықтаған: адам құқықтарына құрмет сақтау, отбасы институтының стимулы және қадірі, гендерлік теңдікке қол жеткізудегі қоғамдық орта, бақытты сезінуі, табыс теңдігі, қауіпсіздік деңгейі, мемлекеттік білімнің дамуы және денсаулық сақтау жүйесі.
Сондай-ақ, білім беру сапасы бойынша тізімде Ливан 69 орында болса, Мьянма 71 орында екен. Үздік бестіктің қатарында – АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Германия, Франция мемлекеттері. Бұл сауалнама да негізгі 3 критерий арқылы жүргізілген: дамыған мемлекеттік білім беру жүйесінің болуы, халықтың жоғары білім алу бойынша жоспары, мемлекеттің сапалы білім ұсынатынына халықтың сенімі.
Ретингтегі Қазақстан портфолиосында патшалық Ресей және КСРО кезіндегі отарлау саясаты туралы ақпарат берілген. Сондай-ақ сипаттамада «Сталиндік тазарту кезінде көптеген қазақ зиялылары өлтірілді. Бүгінгі таңда қазақ ғалымдары мен басқа да зиялы қауым қазақ дәстүрлерін қайта жандандыруға тырысуда» делінген.
Қазақстан білім беру жүйесі Тәуелсіздіктің 29 жылында 16-шы білім министрін ауыстырды. Басы – зор, аяғы – сор реформадан көз ашпаған білім беру саласы толассыз шикі бастамалардан бас көтере алмай қалған еді. Оқушыға кітап басудың өзі көпастарлы бизнеске айналып, сүйексіз құр жабын жүйеге ұласып кеткелі қашан. Соңғы кезде ғана сең жібіп, ұстаздар қауымына бала оқытуға мүмкіндік беретін бірді-екілі тетікті айтпағанда, елде әлі күнге дейін 40 минуттық сабақта мұғалім машақаты көп «жаңартылған білім беру бағдарламасы» шеңберінде 30 оқушыны оқытуы шарт. Әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп жатқан мәселе бойынша, «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген екінші ұстаздың афоризмі нөлдік формаға еніп, вакуумға жағдайыны жетті» дейді ата-аналардың көбі. Рейтинг екеуі де оңып тұрған жоқ дейді.
Рейтингке қатысушы елдер сипаттамасында Қазақстан туралы:
«Қазақстан ұлттық бірегейлікті қалыптастыру, экономиканы әртараптандыру және кеңестік дәуірден «мұраға қалған» ядролық сынақтар мен улы қалдықтарды залалсыздандыру тәрізді бірқатар мәселемен бетпе-бет келуде. Құқық қорғаушылар билікті азаматтық қоғамға қысым жасап, сөз-пікір бостандығын шектейді деп жиі айыптайды», – деп берілген.