Бүгін The Qazaq Times-тың "Talk-TOR"-інде қонақ болған Демократиялық партияның жетекшісі Жанболат Мамай жаңа партия туралы, оның қазіргі жасап жатқан қадамдары мен биліктің оған қарсы қысымдары туралы және "Жас Алаш" газетінің бас редакторының ауысына қатысты бірқатар сұрақтарға жауап берді.
Демократиялық партия жетекшісінің сөзіне қарағанда билік тарабы аталған партияны тіркемеу үшін барлық айла-тәсілдерді қолданып отыр, тіпті партия ішіндегі жетекші топ мүшелеріне жекелей қысым көрсету арқылы партияның әр қадамына кедергі келтіруде. Осындай қысымдарға қарамастан жұмыс жасап отырғанын айта келіп : "Біз Қосанов болмаймыз, – дейді Дем. партия жетекшісі – Себебі, партия деген жеке адам емес, біздің қатарымызда мыңдаған адамдар бар. Партияның ұстанымы, жарғысы және платформамыз бар, біз сол алған бетімізден таймаймыз", – деді Жанболат Мамай. Ол және Инга Иманбайдың "Жас Алаш" газетінің бас редакторы болуымен аталмыш басылым Демократиялық партияның баспасөз қызметіне айналып кетпей ме деген сөздерге келіспейтінін, сол туралы өз уәжін жеткізді.