Экс-президент Назарбаев «ең тәжірибелі полицей» деп бағалайтын Қалмұханбет Қасымов мемлекеттік күзет қызметінің бастығы болып тағайындалды.

Бүгін Ақорда таратқан хабарға сәйкес, бұрынғы ішкі істер министрі президент жарлығымен былтыр ғана келген орнынан, президент кеңесшісі және Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы қызметінен босатылған. Бірақ ұзаған жоқ, биыл мамырда зейнет жасына толатын генерал мемлекет күзет қызметінің басшылығына барды.

Бұған дейін мемлекеттік күзет қызметін Әнуар Садықұлов басқарған. 16 қаңтарда оның ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалғаны белгілі болды. Садықұловпен бірге мемлекеттік күзет қызметінен оның орынбасары Әзімхан Жүсіпов те кеткен. Тоқаевтың №245 жарлығы негізінде жаңа қызметке кіріскен Қасымовты көбі Назарбаевпен байланысы күшті екенін айтады.

«Даңқ» орденінің кавалері 2011-2019 жылдары министр қызметі кезінде бірнеше рет қоғамның ашық әрі ащы сынына ұшырады. Тіпті оның отставкаға кетуін талап етушілер өте көп болды. Мұның басты себебінің бірі министр лауазымындағы алғашқы жылы Жаңаөзен оқиғасына байланысты әскери операцияны «қатаң жүргізуі» деп санайды азаматтық қоғам белсенділері. 2011 жылы желтоқсанда Жаңаөзен оқиғасы кезінде полиция ереуілге шыққандарға оқ атып, 16 адам мерт болған. Бұл оқиғаға қоғам әлі күнге дейін Қасымов басқарған ведомствоны айыптайды.

Былтыр 18 желтоқсанда Тоқаевтың жарлығымен белгілі саясаткер Иманғали Тасмағамбетов зейнет жасына жетуіне байланысты Ресейдегі елші қызметінен босаған еді. Бір қызығы, әдетте зейнетке ерте шығатын әскери кадрлардың бірі ретінде азаматтық қоғамның сынына көп ілігетін Қалмұханбет Қасымов 18 мамырдан кейін аса маңызды лауазымда қалар-қалмасы әзірге белгісіз. Оны уақыт көрсетеді.

“The Qazaq Times”