9 қаңтар түс кезінде, нақтырақ айтқанда сағат 14:30 шамасында (астана уақытымен 15:30) Ақтөбе облысына қарасты Байғанин ауданының Ноғайты және Ебейті елді мекендерінің аумағына өртенген темір бөлшек түскен.

Vesti.kg аналитикалық ресурсы мен Ферғана ақпарат агенттігі таратқан хабарға қарағанда, құлаған фрагмент-нысан зымыран бөлшегіне ұқсайды.

«Бұл заттың құлаған орны біздің ауылдан екі шақырым жерде. Бізге жарылыстың дүмпуі естілді. Арасында 30-40 секунд салып екі мәрте әлдебір жарылыс дауысын естідік. Меніңше, ол жерде бір емес, бірнеше темір қалдықтары бар. Екі-үш сағаттан соң онда учаскелік полиция мен құзырлы орган өкілдері келді. Оқиға орнына бізді жақындатпады, тек қашық тұстан қарап көрдік»,– дейді оқиға куәгері Ноғайты ауылының тұрғыны.

Ақтөбе облысы аумағына түскен "жұмбақ қалдық". Фото: ашық дереккөз

Ауданының әкімі Қайрат Утаров әуеден белгісіз фрагмент құлағанын растаған. Оның сөзінше, зардап шеккендер жоқ. Қырғыз басылымына берген пікірінде әкім:

«Қандай зымыран? Аспаннан темір зат құлады. Мұны «үрлеп-әсірелеудің» қажеті жоқ. Оқиға орнына құзырлы орган мамандары барды. Ақпарат, түсініктеме беріледі. Бұл ешқандай зымыран емес», – деген.

Ауыл тұрғындарының айтуы бойынша, темір қалдықты қалта телефонына сурет-видеоға түсірген оқиға куәгерлеріне қысым жасалып, айғақ материалдарды жоюға мәжбүрлеген. Елді мекен азаматтары оқиғаның қайталана ма деп алаңдаулы. Әзірге ел астанасынан, тиісті мекемелерден ешқандай ресми мәлімдеме жасалған жоқ. Отандық интернет-порталдардың бірі аймақтағы төтенше жағдай туралы жариялаған материалын кейіннен өшіріп тастаған.

Өрт шалған белгісіз нысан. Фото: ашық дереккөз

Осы тұста бұған дейін 2013 жылы Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасында «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшыру кезінде ұшыру аппаратының бөлшегі құлайтын аймақ ретінде Қазақстан аумағынан жер учаскесін беру туралы келісімге қол қойылған болатын. Осы мақсатта Ақтөбе облысында шамамен 23 мың га және Қостанай облысынан 41 мың га жер қарастырылған. Алайда 2020 жылдың басына Байқоңырдан қандайда бір нысанның ұшатыны туралы ресми хабарлама жасалған жоқ. Соңғы рет былтыр жаңа жыл қарсаңында, яғни 24 желтоқсанда «Протон-М» зымыран-тасымалдағышы ұшырылған.

24 желтоқсан Байқоңырдан ұшырылған "Протон-М" зымыран-тасымалдағышы. Фото: Роскосмос медиа порталы

Өткен жылдың соңында Роскосмос биыл 30 қаңтар Байқоңырдан британдық жүйедегі OneWeb «ғарыштық интернет» аппараттары ұшыру жоспарланғанын мәлімдеген.

2018 жылы шілдеде Батыс Қазақстан облысының Казталов ауданында да әуеден металл зат құлап еді. Қарасу мен Жұлдыз ауылдарының арасындағы радиусы бір шақырым шығатын аумаққа әртүрлі қалдықтар шашырап түскен. Апаттың кесірінен 90 га шөпті алқап өртеніп, біраз уақытқа ұялы байланыс үзілген болатын.

;feature=emb_title

Қазақстанның батыс өңірінде әртүрлі зымыран бөліктері жиі құлайды. Тұрғындардың арыз-шағымына қарамастан, әлі күнге дейін жалғасып келеді.

"The Qazaq Times"