Бүгін түстен бұрын, Оңтүстік Корея президенті Мүн Жайн жаңа жылдан кейінгі алғашқы ресми мәлімдемесін жасап, Солтүстік Кореямен диалогты дамытатынын жеткізді. Ол Солтүстік Корея басшысы Ким Жоң Унды (Ким Чен Ын/Kim Jong Un) Оңтүстік Кореяға ресми сапарлай келуге шақырды.

Оңтүстік Корея басшысы сондай-ақ, АҚШ пен Солтүстік Корея арасында тоқтап қалған келіссөзді қайта дамытуға уәде берді. Бұған дейін Солтүстік Корея лидері Ким Жоң Ун билеуші партиясының жиналысында мәлімдеме жасап, Америка Құрама Штаттары өзінің дұшпандық саясатынан бас тартып, Корей түбегінде тұрақты бейбітшілік жүйесін орнатқанға дейін, КХДР өзінің ұлттық қауіпсіздігі үшін ядролық қаруды дамытуын жалғастыра беретінін айтқан.

Оңтүстік Корея лидері бүгінші мәлімдемесінде биыл маусымда басталатын Токио Олимпиадасында Оңтүстік және Солтүстік Корея делегациялары бірге қатысады деп үміттенетінін, сондай-ақ, 2032 жылғы Олимпиада ойындарын екі Корея бірлесіп өткізеді деп үміттенетінін жеткізді.

Екі Кореяның лидерлері 2018 жылы 3 рет саммит өткізді және екі ел қатынасы біршама дами түсті. Бірақ, былтыр Солтүстік Корея лидерін елдеріне шақырған Оңтүстік Кореяның үміті ақталмады. Ядролық қарусыздану мәселесі бойынша Солтүстік Корея жылы қабақ танытпады.

“The Qazaq Times”