АҚШ президент тағына Трамп келгелі бері жоғары қорғаныс шығындарын алға тарта отырып, Құрама Штаттардың шетелдегі әскери күштерін қысқартып келді. Осыған орай АҚШ-тың Ауғанстандағы, Ирактағы және Сүрия жеріндегі әскери күштерінің санында өзгерістер болды. Жақында АҚШ қорғаныс министрі Батыс Африкадағы бірқатар елдердегі әскерлердің санын азайтуды, тіпті кейбір елдерден АҚШ әскерін толықтай шығарып кетуді жоспарлап отырғаны мәлім болды.
Бұндай мәлімдемені The New York Times басылымы Пентагонның жоғары лауазымды өкіліне сілтеме жасай отырып таратты. Онда АҚШ-тың кейбір аймақтағы әскери күштері басқа елдер мен аймақтарға орналастыру туралы жоспарлардың бар екені де айтылған.
Мәліметтерге қарағанда АҚШ Ирактағы әскер санын қазіргі 5 мыңнан, 2500 адамға дейін азайтпақ. Сондай-ақ, қорғаныс министрі Еспер Африкадағы АҚШ қарулы күштерінің бас қолбасшылығына әскер санын қысқарту және кейбір елдерден әскери шегініс жасаудың нақты жоспарын қаңтар айына дейін дайындамақ.
Аталған басылымның хабарында АҚШ Нигериядан ауқымды әскери шегініс жасайтыны айтылған. Айталық, Нигериядағы ұшқышсыз ұшу құрылғыларының базасынан шегініп шығады. Құны 110 млн АҚШ доллары тұратын бұл базаны АҚШ-тың НАТО-дағы бірқатар одақтастары да пайдаланып келген еді.
Америка Құрама Штаттарының шетелдерде 200 мыңнан астам әскери күштері қызмет атқарады. Уашингтонның шетелдегі әсерлерін қысқартуын кейбір сарапшылар стратегиялық қателік ретінде де бағалап отыр. Айталық, АҚШ-тың шетелдегі әскерлерін қысқартуы Еуропаға жақын аймақтардың тұрақсыздығына алып келеді және бұл Еуропаны жаңа қауіпке душар етпек. Сондай-ақ, АҚШ әскери шегініс жасаған аймақтарда Ресей мен Қытайдың әскери ықпалы арта түсуі мүмкні деген болжамдар жасайды.