Америкалық Boeing авиакомпаниясының басшысы Деннис Меленберг компания жасаған ұшақтардағы кемшілікке байланысты дау-дамайдан соң қызметінен кетті. Компанияның жаңа бас директоры болып басқарма басшысы Дэвид Кэлхун тағайындалды. Бұл туралы ВВС хабарлады.
Boeing директорлар кеңесінің мәлімдеуінше, әбасшылықты ауыстыру компанияға деген сенімді қалпына келтірудегі қадам болған, оның мақсаты «737 MAX-ты ұшуға қауіпсіз етіп қайтару».
АҚШ Азаматтық авиация Федералдық басқармасының мәліметінше, әлем бойынша Boeing-қа тиесілі 312 ұшақтың алдыңғы қанат тұстарында ақау бар. 2018 жылы қазанда Индонезияда тап осы модельді лайнер құлап, 189 жолаушы қаза тапқан еді.
Биыл 10 наурызда Дэбрэ-Зэйт қаласы маңында «Ethiopian Airlines» компаниясына тиесілі «Boeing 737 Max» ұшағы апатқа ұшырап, салдарынан 157 адам көз жұмған болатын. Араға санаулы күндер салып, Американың Джексонвилл қаласындағы өзенге Boeing 737 жолаушылар ұшағы құлады. Осы оқиғадан кейін Ұлыбритания мен Франция ұшақтан бас тартса, Малайзия, Австралия, Индонезия, Қытай мен Сингапур билігі әуе кемесін бұдан былай сапарға шығармайтын болды. Сонымен қатар, жақында Уфа қаласында дәл осы Boeing 737 NG ұшағы көкке көтерілмей қалған. Бортында 123 жолаушысы болған әуе кемесі енді ұшуға талпынғанда, қанат тұсында дабыл қаққыш іске қосылған.