Еуропа елдері ядролық энергетикадан бас тарту процесін бастады. Швейцарияда 47 жылдан бері жұмыс істеген Мюленберг атом электр станциясының жұмысы тоқтатылды. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.
1973 жылы ашылған станция Берн қаласының 100 жыл бойы энергетикалық қуат өндіріп келген. Мюленберг АЭС-ы Швейцарияның бес бірдей атом станциясының бірі. Қуаты 373 мегаватты құрайды. 2017 жылы швейцариялық атом электростанциялары елдегі электрдің үштен бірін өндіріп келген. Ал электрдің 60%-ы гидроэлектростанцияларға тиесілі. Ал баламалы қуат көздерінің үлесі 5%.
2017 жылғы ядролық энергетикадан бас тарту туралы референдумнан кейін жабылған алғашқы станция болмақ. Содан бері мемлекет күн, жел және гидроэнергетиканың үлесін барынша арттырып келеді.
Швейцарияға көршілес Германия атом электр станциясынан 2022 жылы бас тартпақ. Сонымен бірге Швейцария билігі жаңа ядролық реакторларды салмайтынын, ал қалған станцияларды қызмет ету уақыты аяқталғаннан кейін жабатынын жария етті. Швейцариядағы қалған электр станциялардың нақты қашан жабылатыны белгісіз. Әйтсе де жұмысын тоқтататын келесі станция Германиямен шекарадағы 1969 жылы салынған Бецнау болуы мүмкін.
Қазақстан астанасы Нұр-Сұлтанда АЭС құрылысын ресейлік технологиямен жүргізуді Кремльдегі кездесуі кезінде ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ресей президенті Владимир Путин ұсынған болатын. 3 сәуірде өткен жиында Путин Тоқаев екеуі «бейбіт атом саласындағы серіктестік» жайлы талқылағанын айтқан. Оның сөзінше, «уран өндіру және байыту бойынша Қазақстан мен Ресейдің бірлескен алты өнеркәсібі жұмыс істейді».
Қазақстанда салынуы ықтимал атом электр станциясына (АЭС) арналған аумақ ретінде Алматы облысындағы Үлкен ауылы мен Шығыс Қазақстан облысындағы Курчатов қаласы таңдалған. Аталған мәлімдемеден кейін, Қазақстан азаматтары станциядан төнетін орасан зор қауіпті айтып, АЭС құрылысынан бас тартуды талап етті.
27 сәуірде президент Тоқаев Семейде өткен жиында: «Атом электр станциясын салу мәселесі қоғамда қызу талқыға түсіп, пікірталас туындап отыр. Бұл – күрделі мәселе. 2030 жылы Қазақстанда электр энергиясының жетіспеушілігі байқалуы мүмкін. Сондықтан, осы мәселені қазір шешуіміз қажет. Бұл біздің бүкіл халықтың мүддесіне қатысты болғандықтан, өте күрделі мәселе. Халық пікірі назарға алынады. Соған қарай әрекет етеміз», – деп мәлімдеді. Сонымен қатар, ҚР Энергетика министрлігі Қазақстандағы АЭС құрылысына бола даурығудың қажеті жоқ деп, халықты сабырға шақырған.