АҚШ президенті Дональд Трамп импичмент рәсімін елде төңкеріс ұйымдастырудың амалы деп, демократтардың өкілі Нэнси Пелосидің әрекетін қатаң сынға алды. Бұл туралы The New York Times хабарлады.
Ақ үй басшысы сөзінде: «Демократиялық партия бастаған импичмент билікте төңкеріс ұйымдастырудың айласы деп білемін. Осы амалдары үшін алдағы саяси дода кезінде жауапқа тартылатын болады. Бұл әділетсіздік 3 жылдан бері жалғасып келеді. Есесіне республикашылдардың ынтымақтастығы арта түсті дегім келеді», – деді. Оның айтуынша, Пелоси америкалық демократияға соғыс жариялап, ел конституциясына нұқсан келтіріп отыр. Сонымен қатар 2020 жылы өтетін президенттік сайлауда жеңіске жетудің амалын ойластыруда.
Естеріңізде болса, шілдеден бері АҚШ президентіне қарсы импичмент жариялау туралы мәселелер қаралып келеді. Онда Трамп Украинаның жаңа сайланған президенті Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлескен кезде Жо Байденнің ұлы Хантер Байденнің үстінен жемқорлық айыбы бойынша іс қозғауды талап етіп, егер Зеленский үкіметі бұлай жасамаса Украинаға берілетін 400 млн доллар құнына ие әскери көмекті кешіктіретінін айтқан.
Трамптың бұл әрекеті «қызмет мүмкіндігін пайдаланып, Украинаға қысым түсірді» деп айыпталған болатын. Егер осы әрекеті толық дәлелденсе, онда АҚШ президентін қызметінен қалдыруға толық негіз бар. Себебі, ол Украинадан айыптауды талап еткен Байден Демократиялық партияның үміткері Жо Байденнің ұлы. Трамп өз әрекеті арқылы қарсыласының беделін түсіруді мақсат еткен деген болжамдар да бар. Бірақ, президент Трамп өз кезегінде әкелі-балалы Байдендерді заңсыз әрекеттермен айыптаған. Трамп Байденді қызмет мүмкіндігінен асыра пайдаланып, Украина қауіпсіздік қызметкерлеріне қысым түсіріп, ұлына қарсы қылмыстық істі күшпен жаптырған деген айыбын тағып отыр.
Трамптың импичменті Сенаттың үштен екі өкілі қолдағанда ғана жүзеге аспақ. Бірақ, АҚШ тарихында бірде бір президент қызметінен қуылып көрген жоқ. 230 жыл ішінде тек екі президентке ғана импичмент жарияланған, бірақ олар айып астында өз қызметтерін жалғастырған. Кейбір сарапшылар осыларды алға тарта отырып, сондай-ақ, АҚШ Сенатында қазіргі кезде Республикашылдардың үстемдік құрып отырғанын ескере отырып, Трамптың қызметтен қуылуы мүмкін емес деген болжам айтады.
Осы уақытқа дейін АҚШ-та Эндрю Джонсон және Билл Клинтон импичмент процесіне ұшыраған. Екі президенттің лауазымын шектеу сенаттағы талқылаулардың қорытындысы бойынша ақталған. Ал Америка тарихында «сұсты адам» атанған Ричард Никсон Уотергейт жанжалына байланысты импичмент арқылы отставкаға кеткен болатын.