Биыл елімізде терроризм мен діни экстремизмге қатысты 140 адам сотталған.
2019 жылы Қазақстанда 907 адам дерадикалдану курсынан өтті. Жыл қорытындысына арналған баспасөз мәслихатынтағы антитеррорлық орталығы штаб бастығының бірінші орынбасары Сергей Швейкиннің сөзінше, бұл көрсеткіш сотталғандардан 6,5 есе көп.
Ол қылмыстық іс радикалды сенімінен қайтпайтын, заң бұзуы мүмкін деген күдіктілерге ғана жүргізілген дейді. Ресми уәкілдің айтуынша, түрмеде отырған 162 сотталушы радикалды бағыттан бас тартқан көрінеді.
Қазіргі таңда террористік әрекеттерге қатысы жоқ әйелдер мен балаларға арналған бейімдеу-түсіндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Ол радикалды түсініктен арылту оңай емес екенін, респонденттермен кәсіби психолог-теологтар айналысып жатқанын айтады.
«Жасалған амалдардың нәтижесінде, бүгінгі таңда 22 әйел зайырлы өмір салтын қайта қабылдаған, 33-і дәстүрлі ислам нормаларын ұстануға көшті, ал қалғанына түсіндірме жұмыстары жалғасып жатыр», – дейді Сергей Швейкин.
Биыл террористік айыбы үшін іздеуде жүрген 31 шетелдік ұсталып, өз елдеріне қайтарылды.
Шетелдегі соғыс ошақтарында әзірге 40-қа жуық қазақстандық, олардың 65-ке тарта әйел-бала-шағасы террористік ұйымдардың құрамында жүр деседі. Терроризмаге қарсы қызмет уәкілінің сөзіне сенсек, тиісті органдар Алматы мен Қарағанды облыстарында теракті жасауға дайындық кезеңіндегі 3 жағдайды анықтап, алдын алған. Лаңкестік жасауға оқталған күдіктілер құқық қорғау органдарына шабуылдамақ болған.
Террорлық актілердің жоспарын әзірлеуге қатысқандар 6 жылдан 18 жылға дейін бас бостандығынан айырылыпты. Бұдан бөлек, еліміздің әртүрлі аймақтарында жеті радикалды топтың және 34 қылмыскердің жолы кесілген. Терроризм мен діни экстремизмге байланысты қылмыстары үшін барлығы 140 адам сотталған. Күні кеше астана соты Сирияда «террорлық топ құрамында қатысты» деп айыпталған 14 адамға үкім шығарып, оларды 8 жылдан 14 жылға дейінгі аралықта түрме жазасына кесті.
Интернет веб-ресурстарында 14,5 мыңнан астам террористік мәндегі контент сілтемелері анықталып, оларды жою жалғасып жатқан көрінеді.
Осылайша 2018-2022 ж.ж. арналған «Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі» мемлекеттік бағдарламасы ойдағыдай жүзеге асырудамыз деген ведомство өкілдерінің сөзіне күмәнмен қарайтын азаматтар да табылады.
Өткен айда ғана Швейкин Дінтанушылрдың ХІ форумында Қазақстандағы деструктивті ағымды ұстанушылардың саны 20 мыңнан асатынын мәлімдеген еді. Ал былтыр шілдеде Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті Сирия мен Иракта соғыс басталғалы Таяу Шығысқа 800-ге тарта қазақстандық кеткенін хабарлаған.