Америкалық Time журналы 16 жастағы экобелсенді Грета Тунбергті «Жыл адамы» деп атады. Швед оқушысы Тунберг саясаткерлердің климаттың өзгеруі мәселесіне мән беруі үшін өткізілген акциялардың ұйымдастырушысы ретінде танылған.
Сонымен қатар, аталған номинация үміткерлерінің қатарында үміткерлерінің тізімінде АҚШ өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелоси, АҚШ президенті Дональд Трамп, Трампқа импичмент жариялау ісіне түрткі болған шағымды түсірген арнайы қызмет өкілдері және Гонконгтағы қарсылық акцияларының қатысушылары да болған.
Грета Тунберг өткен жылы оқушылар ереуілін ұйымдастырып, көпшілікке таныла бастады. Оның бастамасымен Швецияда оқушылар жұма күні сабақтың орнына климаттық өзгерістермен күреске шақыратын акция өткізген. Биыл бұл қозғалыс дамып, әлемнің ондаған елінде қолдау тапты. Ірі көлемде өткен табиғатты қорғау акцияларына миллиондаған адам қатысты.
Журнал редакциясы Тунбергтің климаттың өзгеруіне қарсы күрескен еңбегін ғана емес, өзге елдердегі қатарластарына үлгі болып, оларды қоғамдық іспен айналысуға итермелегенін да атап өткен.
Time: Өткенге шолу
Екі жыл бұрын «Жыл адамы» ретінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың немесе әлеуметтік теңсіздіктің құрбандары болған әйелдер танылды. #MeToo хэштегімен өткізілген акция ғаламтор арқылы үлкен танымалдыққа ие болған. Былтыр үздіктер қатарында колумнитс Жамал Хашогги, филиппиндік оппозициялық портал редакторы Мария Ресса, Мьянмадағы рохинджа мұсылмандарына қатысты зорлық-зомбылықты тергегені үшін сотталған «Reutеrs» агенттігінің журналистері Ва Лон және Кья Со, сондай-ақ қарулы қақтығыстан қаза тапқан американдық «Capital Gazette» редакциясының ұжымы кірді.
Журналдың дәстүрге айналған құрметті атағы алғаш рет 1927 жылы берілді және бастапқыда «Жылдың үздік ер адамы» деп аталды. Ал 2011 жылы журнал Араб көктемінің әлем үшін мәнін атап өтіп, осы көтеріліске шыққандарды «Жыл адамы» деп жариялады.