АҚШ Президенті Дональд Трамп Time журналының дәстүрлі "Жыл адамы" атағын алуы мүмкін екені туралы өзінің твиттер парақшасында мәлімдеме жасады. Дегенмен журнал басшылығы бұл ойдан хабарсыз болғанға ұқсайды. Президент пен БАҚ өкілдері арасындағы әлеуметтік желіде болған сөз қақтығысы туралы кеңінен ВВС ақпараттық агенттігі жазды.
Дональд Трамп өзінің твиттер парақшасында Time журналы Президентке өткен жылдағы сияқты биыл да "Жыл адамы" атағын алуы мүмкін екенін айтқаны туралы жазды. Өз кезегінде журналы басшылығы Америка көшбасшысы оларды дұрыс түсінбеген деп отыр.
Time журналындағы "Жыл адамы" номинациясы дәстүрлі түрде 1927 жылдан беріліп келеді. Оған әдетте бір жыл бойы әлемдік оқиғаларға жақсы не жаман жағынан ең өп әсер еткен тұлға лайық деп саналады. Өткен жылы Дональд Трамп бұл аталымның иегері болған еді.
Time журналы өзінің твиттер парақшасында "Президент журнал аталымының қалай тағайындалатынын білмейтін сияқты. Соңғы қорытынды 6 желтоқсан күні жарияланады. Оған дейін біздің бірде бір қызметкеріміз ол туралы мәлімдеме жасамайды" деп жазды. Ереже бойынша, жыл адамын таңдауға журналдың барлық оқырмандары қатыса алады. Олардың дауыс беру процесі аяқталғаннан соң, соңғы шешімді редакторлар алқасы қабылдайды.
Осыдан бұрын Дональд Трамп пен Time журналының арасында авторлық құқықтың бұзылғаны жөнінде талас туындаған деді. The Washington Post басылымы Дональд Трамп өзіне тиесілі гольф клубтардың жарнамасында Time журналының алғашқы бетінің үлгісін өз суретімен бірге пайдаланған деген ақпарат таратқан болатын.