Таяуда Қазақстанның экс-президенті Н.Назарбаев Путин мен Зеленский арасындағы мәселеге ара ағайындық танытып, оларды астана төрінде кездестірмек ойын ұсынған болатын. Дегенмен, Норманд төрттігі кездесуіне дейін Зеленскийдің Путинмен жүздеспек ниеті де, жоспары да жоқ сыңайлы.

Украинаның Сыртқы істер министрі Вадим Пристайко аустриялық әріптесімен өткен баспасөз маслихаты кезінде тараптардың ресми кездесуі ұйымдастырылмайтынын кесіп айтты. Пристайко сөзінде: «Біз Путинмен екіжақты кездесуді жоспарлап отырған жоқпыз. Норманд төрттігі кезіндегі ресми кездесу үшін барлық жағдайлар жасалған. Қазір Украина Норманд төрттігінің үш қатысушыларымен кеңес бастады. Тараптар Украинаның шығысындағы түйткілді мәселелерге тоқталып, Ресеймен арадағы байланысты реттеуге көмектесуі тиіс», – деді. Бір жағынан, бұл жауаптың Қазақстанның экс-президенті Н.Назарбаевқа қарата айтылғаны жайлы ресми мәліметтер жоқ. Дегенмен, тараптардың алдын ала кездесу жоспарламайтыны мәлім болды.

Украина СІМ басшысы Зеленский Норманд төрттігі көшбасшыларының кездесуі барысында Путинмен келіссөздер жүргізуге мүмкіндік алады деп есептейді. Сонымен қатар, Пристайко саммит барысында Украина президентінің Донбасстағы қақтығыстарды шеше алатынына сенім білдіріп отыр.

3 қазанда Донбасстағы қақтығысты реттеу жөніндегі арнайы отырыстың нәтижесі бойынша Ресей өкілі Борис Грызлов барлық қатысушылар Украина заңнамасында бекіту үшін «Штайнмайер формуласы» бойынша әрекет етуге келіскенін хабарлаған. Сонымен қатар, «Донецк және Луганск облыстарының жекелеген аудандарының ерекше мәртебесі туралы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі» талқыланған.

"The Qazaq Times"