Ирактағы Садр қозғалысы мерзімінен бұрын өтуі мүмкін сайлауға АҚШ-тың бақылаушы болуына қарсылығын білдірді. Осыдан бұрын Ирактағы үкіметке наразы ереуілшілер елде мерзімінен бұрын сайлау өткізуді талап еткен болатын.
Садр қозғалысының қазіргі жетекшісі Муктеда әс-Садр бір күн бұрын жасаған мәлімдемесінде: «АҚШ елдегі мерзімінен бұрын болуы мүмкін сайлауға араласатын болса, бұл Құрама Штаттың басқыншы ел екенін тағы бір мәрте дәлелдейді. Біз бұған үнсіз қала алмаймыз», – деді. Әс-Садр мәлімдемесінде Ирак болашағының иесі Ирак халқы екенін ескертті.
Ирактағы шиіттердің көсемі қатарында белгілі әс-Садр мәлімдемесінде Құрама Штаттың мұсылман елдеріндегі әскери, саяси араласуына қарсы екенін айтты. Сонымен бірге АҚШ-тың Сүриядағы әрекеті миллиондаған халықтың тағдырына әсер еткен дағдарысқа алып келді деп бағалады.
Айта кетейік, Иракта 1 қазаннан бері наразылық шерулері, ереуілдер жалғасып жатыр. Елдің шиіттер қоныстанған аймақтарынан басталған наразылық шаралары қазір тұтас Иракты шарпып тұр. Үкімет күштері мен наразы топ арасындағы қақтығыстардан 315 адам қаза тауып, 10 мынан астам адам жарақат алған. Бұл мәліметтерді Иран Мәжілісіне қарасты Адам құқығын қорғау туралы комитет жасаған. Ел азаматтары қазіргі билікті жемқорлық және елді қалпына келтірудегі дәрменсіз әрекеттері үшін айыптайды.