АҚШ президенті Дональд Трамп Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанға екі ел үшін тиімді шарт есебінде $100 млрд сауда келісімін ұсынды. Ердоған келісімді қабыл алса, ресейлік С-400 зениттік зымыран жүйелерін сатып алуға байланысты Анкараға Уашингтон енгізетін санкциялар тоқтатылады. Бұл туралы The Washington Post басылымы хабарлады.
13 қарашада Уашингтонда ресми кездесу ұйымдастырған қос ел басшылары Сүриядағы дағдарыс, күрдтер мәселесі және зениттік зымырандар келісімін талқылаған. Ердоған сөзінде АҚШ-Түркия қарым-қатынасын жақсарту керектігін айтқан.
Washington Post дереккөзі хабарлағандай, қазір Трамп әкімшілігі ресейлік С-400 зымырандарын пайдаланбауды талап етіп, оның орнына америкалық F-35 байланыс және қорғау құралдарын ұсынған. Егер Анкара Уашингтонның ұсынысына келіссе, F-35 көп мақсатты жойғыштарды құру бағдарламасына қайта оралып, рестрикциядан құтыла алады.
АҚШ-тағы конгрессмендер мен сенаторлар «Американың қарсыластарына санкциялар арқылы қарсы іс-қимыл туралы» заңды негізге ала отырып, Анкараға енгізілген экономикалық шектеулер күшін жоймауы тиіс деп есептейді. Сол себепті олар Трамптың Ердоғанға ұсынысын қатаң сынға алып отыр.
Түркияның Ресейден С-400 зениттік зымыран жүйелерін сатып алу жөнінде жоспарын АҚШ қатаң сынға алған. Уашингтон «Ресей қаруын Түркия аумағына орналастыру НАТО стандарттарына қайшы келеді» деп есептейді. Мұның алдында Ердоған өз шешімінен бас тартпайтынын мәлімдеген еді. Алғашқы әскери кешен Түркияға шілдеде жеткізілді.
Биыл 9 қазанда Түркия Сүрияның солтүстігінде «Бейбітшілік қайнары» аталатын арнайы операция бастаған. Түрік авиациясы мен артиллериясы көрші ел аумағындағы күрд жасақтарын соққыға алды. Әскери операцияның мақсаты – лаңкестерге оңтүстік шекарада дәліз құруға жол бермеу. Анкараның жоспарына сәйкес сүриялық босқындар осы аймақтан Түркияға орала алады. Ресми Дамаск бұл операцияны агрессия деп атады, ал халықаралық қауымдастықтар Анкараның әрекетін айыптады.
17 қазанда АҚШ пен Түркия әскери операцияны тоқтату туралы келісімге келген. Трамп тараптар өзара келісімге келгеннен кейін Түркия Сүриядағы контртеррористік операциясын тоқтатқанын айтқан. «Қашықтығы 20 миль (32 шақырым) болатын қауіпсіздік аймағы құрылды» – деген АҚШ президенті Сүрия-Түркия шекарасында оқ ату тоқтатылып, жағдайдың тұрақталғанын мәлім етті. Тараптар ортақ келісімге келген соң, Уашингтон Анкараға енгізілген санкцияның күшін жойды