Иран президенті Хасан Рухани кеше, жексенбі күні жасаған мәлімдемесінде, Иранның оңтүстік өңірінен 50 млрд баррельден астам үлкен мұнай кенінің табылғанын мәлімдеді. Бұл Иранның қазірге дейін белгілі болған мұнай қорының үштен біріне тең. Ал, қазір АҚШ-тың экономикалық санкцияларына байланысты Иранның энергия саласы тұралап тұрғаны белгілі.
Иран президенті жексенбіде шөлді шаһар Язд қаласына жасаған сапары барысында аталған мұнай қоры туралы жаңалықты жеткізді. Ол Иран оңтүстігіндегі Хузестан жерінде табылған мұнай кені елдің маңызды мұнай базасына айналатынын айтқан.
Бұған дейін Иранда 150 млрд баррель көлеміндегі шикі мұнай қоры бар делінген. Жаңа мұнай қоры бұған тағы 53 млрд баррель көлеміндегі шикі мұнай қорын қосып отыр. Алайда, былтыр АҚШ Иранмен 6 ел арасында қол қойысқан ядролық келісімнен бір жақты шығып кетті және Иранға бағытталған экономикалық шектеулерді (санкцияларды) қалпына келтірді. Осыдан кейін Иран экономикасы түрлі салаларда тұралауға ұшырады. Әсіресе, мұнай экспорты шығынға батты. Елдегі ірі энергетикалық жобаларға инвестиция салған елдер жобадан бас тартты, ірі мұнай компаниялары Ирандағы жаңа жобаларды тастап кері шегінген болатын. Оның ішінде Франция, Британия және Қытайдың ұлттық компаниялары да бар.
Айта кетейік, Иран мен АҚШ арасындағы қайшылықтарға байланысты Парсы шығанағы мәселесі қиындай түскен болатын. Тараптардың кезек-кезек мұнай танкерлерін ұстау әрекеттері жиілеген. Сондай-ақ, Сауд Арабиясының ірі мұнай нысанына шабуыл жасалып, Сауд жұртының мұнай өндірісі 50 пайызға дейін азайып кеткен еді. Бұл шабуылға байланысты АҚШ Иранды айыптады, бірақ Теһран өзіне тағылған айыпты жоққа шығарды. Ал, Иранда жаңа мұнай қорының табылуы осы жылдағы шиеленісті оқиғаларға сәйкес келуі де өзіндік терең астарын түсіндіріп тұрғандай.