Бүгін ел астанасында өтіп жатқан Қазақстан Дінтанушыларының ХІ форумында сөз алған ҰҚК терроризмге қарсы орталық бастығының орынбасары Сергей Швейкин Қазақстандағы деструктивті ағымды ұстанушылардың саны 20 мыңнан асатынын мәлімдеді. Биыл «Жусан 1-3» циклды арнайы операцияларымен елге Сүриядан 516 азамат елге оралған. 

Қазақстан Дінтанушыларының ХІ форумы. Елорда. 6 қараша 2019 жыл. Фото: ашық дереккөз

«Әртүрлі алаңда әлемдегі террористік белсенділіктің өсіп бара жатқаны белгілі. Жер жаһанның түкпір-түкпіріндегі лаңкестіктің тыйылмай, үдеуі соған дәлел бола алады. Мәліметтерге сүйенсек, ХХІ ғасырдың басынан бері әлемде 72 мыңнан астам теракт болып, одан 170 мыңдай адам көз жұмған. Көп жағдайда олар радикалды, діни идеологияның ықпалымен жасалады. Интернеттегі үлкен насихаттың салдарынан біздің жеке азаматтар шетелдегі әртүрлі террористік ұйымдарға қосылып кетеді. Радикалды насихаттың қақпанына көзқарасы қалыптаспаған, діни білімі жоқ, жастық максимализмі басым жастар түсіп қалады. Біздің азаматтардың «Әл-Каида» құрамына кіру үшін Ауғанстанға бірінші рет шығып кету жағдайы 2008 жылы тіркелген еді. 2013 жылы Қазақстаннан шыққандардың көбі Сирия мен Ирака аттанды. Осы кезеңге дейін шетелге 800-ге тарта Қазақстан азаматы өтіп кеткен», – деді ҰКҚ өкілі теологтар басқосуында.

«Қазақстаннан Сирияға жиһад жасауға келдік» деген азаматтар. Қызыл шеңбер ішіндегі адамның есімі – Мақсат Аймаханов. 2013 жылдың қазанында жарияланған видео-үндеу. Фото: YouTube видеосынан алынған скриншот

Сергей Швейкиннің сөзінше, сырттағы шығып соғыс аумағына кеткен қазақстандықтардың көбі көз жұмған. Қалғаны ұсталып, елге жеткізілген.

Біздің азаматтар негізгі халықаралық террористік ұйымдардың – ДАИШ пен Әл-Каида, Хайят Тахрир аш-Шам құрамында да жүр. Қарулы жиһадқа шығып кеткен Қазақстан азаматтарының басым көпшілігі деструктивті идеологиялық ағымда болған. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, террористер мен экстремистер дәл сол деструктивті ағымды ұстанатындардың қатарынан шығады. Қазіргі таңда біздің есебіміз бойынша, Қазақстанда деструктивті идеологияны ұстанатындардың саны 20 мыңнан сәл асады. Олардың басым бөлігі АтырауТүркістан, Ақтөбе, Қарағанды облыстары мен Нұр-Сұлтан, Алматыда қалаларында тұрады, – деді Ұлттық қауіпсіздік комитетінің полковнигі.

ҰҚК терроризмге қарсы орталық бастығының орынбасары, ҰҚК полковнигі Сергей Швейкин. Фото: ашық дереккөз

Биыл Қазақстан тарапы бірнеше кезеңнен тұратын «Жусан» эвакуациялау операциясымен барлығы 357 қазақстандық бала елге жеткізілген.

Таратып айтқанда, 9 қаңтарда «Жусан-1» Қазақстанның 47 азаматы, 7 және 9 мамыр күндері «Жусан-2» 231 азамат, олардың 159-ы – бала, ал соңғы «Жусан-3» операциясымен 28-31 мамырда 67 әйел, 171 бала Сүриядан оралған еді.

Бұдан жыл бұрын, 2018 жылдың шілдесінде Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) Сирия мен Иракта соғыс басталғалы Таяу Шығысқа 800-ге тарта қазақстандық кеткенін хабарлаған. Комитет Сүрия мен Ирактағы халықаралық террорлық ұйымдарда Қазақстаннан кеткен 120 ер адам, 250-ден астам әйел және 500 бала барын айтқан.

"The Qazaq Times"