АҚШ Өкілдер палатасы 1915 жылғы армян оқиғасына байланысты резолюция қабылдады. Бұл АҚШ-тың армян геноцидін ресми мойындағанымен бірдей. Түркияның сол елдегі елшілігі бұл шешім екі ел арасындағы шиеленісті күшейтетінін айтқан. Бұл АҚШ пен Түркия қатынасының теке-тірес күйде тұрғанын аңғартқандай болды.
Америка Құрама Штаттары жағынан армян оқиғасын геноцид ретінде мойындалуы аса үлкен символдық мәні бар. Хабарда аталған шешім қабылдайтын кезде Конгресс отырысы тарихқа дұрыс баға беру тұрғысында өткені айтылады. Яғни, Осман империясы кезіндегі осы оқиғаны геноцид ретінде бағалайды. Әрине, бұл шешім қазіргі Түркия билігін геноцид жасаушы үкімет ретінде көрсетіп бере алмайды. Бірақ, әңгіме осы шешімнің қандай кезде қабылдануында тұрғандай. Бұның соңында және күрд мәселесі де көтеріле кетуі қажап емес.
Осыдан бұрын Түркия қарулы күштері Сүрияның солтүстік-шығысында әскери операция бастаған кезде күрд қарулы күштерінің одақтасы саналған АҚШ өз әскерлерін өңірден шығарып кеткен еді. Өз кезегінде күрд жетекшілері АҚШ-тың бұл әрекетін «сатқындық» қатарында бағалаған болатын. Ал, Конгресс қабылдаған жаңа шешім тағы бір қырынан АҚШ-тың күрдтер мен армяндар алдындағы ақталуына да ұқсап қалды. Бұл мақсатын Демократиялық партияның лидері Стен Хоейр де растайды. Ол сөзінде: «Резолюция – армян және күрд бауырларымызға берілген сигнал. Бұнымен АҚШ оларды ешқашан тастап кетпейтінін білдіргіміз келді», – дейді.
Әлемдегі бірқатар тарихшылар Бірінші дүниежүзілік соғысы кезіндегі Анатолиядан массалық деңгейде күштеп қоныс аудартылған армяндар қырғыншылыққа ұшырады деген пікірде. Халықаралық геноцидті зерттеу бірлестігі (IAGS) күштеп қоныс көшіру кезінде қаза болғандар саны 1 млн адамге жеткен деген мәлімет береді. Кейір тараптар бұл санды 1,5 млн деп көрсетеді. Ал, Кларк университетінің профессоры, түрік тарихшысы Танер Акчам массалық қырғын Оспан империясы жағынан жасалғаны туралы мәліметтерді жария еткен.
Ресей, Германия, Франция, Бельгия, Италия қатарлы бірқатар елдері бұл оқиғаны геноцид ретінде таныған болатын. Бірақ, Түркия билігі қаза болғандар санын 300 мың деп көрсетеді және Осман империясының қырғыншылық жасағаны туралы мәліметтерді жоққа шығарады. Әрі, геноцид ретінде тануға қатаң қарсылық білдіріп келген. АҚШ-тың бұл қадамы Түркияны қатаң жауапқа мәжбүрлеуі де мүмкін.