Осы аптада Сүрияға көрші Иордания мен Ливаннан 700-дей босқын оралған. Бұл жөнінде ВВС хабарлады.

Босқындардың басым бөлігі – балалар. Сонымен қатар, соңғы тәулікте елдегі 2,3 гектар аумақ минадан тазартылған.

9 қазанда Түркия Сүрияның солтүстігінде «Бейбітшілік қайнары» аталатын арнайы операция бастаған. Түрік авиациясы мен артиллериясы көрші ел аумағындағы күрд жасақтарын соққыға алды. Әскери операцияның мақсаты – лаңкестерге оңтүстік шекарада дәліз құруға жол бермеу.

Негізінен  Түркия мен Сүрия арасындағы қарым-қатынас 1980-1990 жылдары шиеленісе бастаған. Өйткені, Анкара Дамаскті Күрдстанның жұмыс партиясын (РПК) қолдады деп айыптады. 1998 жылдың қазанында екі ел қарым-қатынасы саяси дағдарысқа ұшырап, осы мәселені шешу үшін Түркия Сүрияға 45 күндік мерзім берді. Сол жылы сүриялық билік РПК көшбасшысы Абдуллах Оджаланды елден қуу туралы шешімге келген. Кейіннен 1998 жылы 20 қазанда Түркия мен Сүрияның Сыртқы істер министрлігі, ішкі істер басқармасының өкілдері Аданада қауіпсіздік мәселелері жөніндегі бірлескен хаттама мен келісімге қол қойған. Аталған келісімге сәйкес түрік әскерлері Сүрияда трансшекаралық операция жүргізуге құқылы. Түркияның бұл қадамын «агрессияға» балаған күрдтер жер-жерде наразылық акцияларын ұйымдастырып, халықаралық ұйымдардан көмек сұраған.

"The Qazaq Times"