Елдің орталық қаласында кең ауқымда жүргізіліп жатқан «Тіл тазалығы – баршаға ортақ іс» жобасын елордамыздағы пәтер иелері кооперативі де жүргізетін болады.
Осыған байланысты кезекті жиналыс бүгін елорданың Алматы ауданы әкімдігінде өтті. Оған Алматы ауданы әкімінің орынбасары Саматұлы Мақсат, қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының мамандары мен сарапшы топ өкілдері және пәтер иелері кооперативінің басшылары қатысты. Басқосуда қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бас маманы Айгүл Иманғали ПИК басшыларына жобаның мақсаты мен заң талаптарын толық түсіндірді.
– Бүгінгі күні пәтер иелері кооперативіне қарайтын тұрғын үйлердің аумағында, кіреберістерде, лифтілерде мемлекеттік тілге байланысты көптеген заң бұзушылықтар бар. Көбінесе тек ресми тілде ғана ақпарат беріледі. Біз біріге отырып осы мәселені ретке келтіруіміз керек. Сіздер өздеріңізге қарасты үйлердегі жарнама және өзге де көрнекі ақпаратты орналастыру барысын қатаң қадағалап олардың мемлекеттік тіл заңына сай болуын талап етулеріңіз тиіс, өйткені бұл сіздердің тікелей міндеттеріңіз, – деді Айгүл Ғизатқызы.
Жиында қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының маманы Гүлжан Құрманғалиқызы үйлерге орналасатын түрлі жарнама және көрнекі ақпараттар Қалалық сәулет құрылысы және жер қатынастары басқармасының бекітуінен өтуі керектігін айтты. Заңсыз орналасқан, жарнама, ақпарат нысандары иелеріне Мемлекеттік кіріс басқармасы тарапынан айыппұл салынатынын ескертті. Ал, мемлекеттік тілде жазуға байланысты көмек қажет болса басқарма мамандары дайын екенін, арнаулы бөлім қызметкерлері қате-дұрысын тексеріп беретінін жеткізді.
– Сіздер алдымен тіл тазалығын өз кеңселеріңізден бастаңыздар, ары қарай басқа заң бұзушылықтарлы ретке келтіруге болады – деді Гүлжан Құрманғалиқызы ПИК басшыларына.
Жиналысқа қатысушылардың дені жобаның мән-мақсатын ұғынып, оң түсіністік танытты. Кейбір қатысушылар жарнама орналастыру, ақпараттар мен хабарландырулар жазудың үлгісі не дайын тетігі болу керектігін алға тартты.
– Бұның бәрі Қазақстан Республикасының Тіл туралы заңында анық жазылған, осынша уақыттан бері соны түсінбей, әлі де талап қойып, бәрін дайындап беруді сұрау дұрыс емес. Сіздер керісінше бізбен тізе қосып, акцияға үн қосуларыңыз керек. Өйткені, мемлекеттік тіл заңын сақтау – Қазақстанда тұратын әрбір азаматтың борышы, – деді Айгүл Ғизатқызы.
– «Тіл тазалығы – баршаға ортақ іс» жобасы қала әкімінің арнайы қаулысымен бекітілген. Біз бұны қолдап-қуаттауға дайынбыз. Қажетті мамандарды жіберіп, акция жұмысына барлық жақтан көмек береміз, – деді Алматы ауданың әкімінің орынбасары Саматұлы Мақсат.
Пәтер иелері кооперативі басшыларына өздері қадағалайтын аумақта тіл тазалығын жүргізуге екі апта уақыт берілді. Ары қарай жұмысшы топ атқарылған жұмыстар бойынша тексеру жүргізетін болады. Айта кетейік, ПИК басшыларымен жұмыс қаланың қалған үш ауданында да жүргізіліп жатыр.