Сүрия армиясы өз еліндегі күрдтерге болысып, Түркияға қарсы соғысатыны белгілі болды. Шекарасына жақын күрдтерді ығыстырып тастау мақсатында әскери операциясы бастаған Түркия үшін бұл үлкен кедергі деуге болады. Башар Асад режиміне қарасты армия түрік әскерлері кірген солтүстік аймаққа аттанғаны да хабарланды. Ең маңыздысы, жергілікті басылымдар күрд күштерінің Башар Асадпен келісімге келгенін жазуда.
Дамаск билігіне қарасты қарулы күштердің солтүстікке аттанғанын ең алғаш САНА ақпараттық агенттігі хабарлаған болаты. «Түркияның агрессиясына қарсы тұру үшін Сүрия қарулы күштері солтүстікке аттанды», – деп жазды аталған агенттік хабарында.
Бұған дейін Түркия мен Сүрия армиясы бетпе-бет қақтығысқа келмеген. Сирия шекарасына кірген түрік әскерлерінің соққысы тек күрд қарулы күштеріне бағытталған еді.
Күрд күштерінің жетекшілері мәлімдемесінде: «Сүрия армиясы солтүстік шекараға орналасып, Түркияның агрессиясына қарсы күреске көмектесетін болады», – делінген. Ал, өткен аптаның соңында күрд күштерінің лидерлері мәлімдеме таратып: «АҚШ әскерлерін аймақтан шығарып кетсе, онда біз Ресеймен келісім жасаймыз», – деген болатын. Күрд генералы Мазлум Кобани Абди АҚШ-қа қарата: «Сіздердің менің елімді қорғап қалуға, бұл бомбалауды тоқтатып қалуға еріктеріңіз жете ме? Мен соны білгім келеді. Егер бұл қолдарыңыздан келмесе, онда біз үкіметпен, Ресеймен келісуге мәжбүрміз. Бізді қорғап қалу үшін ұшақтарын алдыруға мәжбүрміз», – деген болатын.
Ал, кеше күрд генералы мен Асад режимінің өкілдері Ресейдің Сүриядағы әскери базасында кездескен. Бұл туралы «Рейтер» агенттігі хабар таратқан. Осыдан кейін Сүрия армиясы 48 сағат ішінде күрд бақылауындағы Манбиж және Кобани қалаларына кіретіні хабарланды.
Кеше және күрдтердің бақылауындағы лагерлерден «Ислам мемлекеті» террорлық тобының мүшелерінің қашып кеткені де белгілі болды. Бұрын аталған террорлық топтың қатарында соғысқан шамамен 100-ден астам адам қамаудан қашып шыққан. Осыдан бұрын күрдтер лагерлерді қадағалауға шамаларының келмей жатқанын ескерткен. Ал, күрдтер қолға түскен лаңкестерді Түркияға қарсы пайдалануы мүмкін деген болжамдарды да айтқан болатынбыз. Күрд күштері қашып кеткен лаңкестердің санын «800-ге жуық» деп көрсетті.