АҚШ президенті Сүрияның солтүстігінен әскерлерді шығару туралы шешімін қорғап мәлімдеме жасады. АҚШ-тың бірқатар лауазымдылары президенттің бұл шешіміне наразы екені мәлім. Олар бұндай қадам Сүриядағы күрдтер басқаратын демократиялық күштер армиясын қатерде қалдырады және өздерін «Ислам мемлекеті» атаған террорлық топқа қарсы күреске кері әсер етеді деп қарайды.
Сүриядағы күрд қарулы күштері террорлық топтарға қарсы күресте АҚШ-тың маңызды одақтасы болғаны белгілі. Алайда, президент Трамп «Твиттер» парақшасында жасаған мәлімдемесінде күрд қарулы күштеріне әскери қолдау көрсетудің шығыны тым қымбатқа түсетінін баса айтқан. Оның айтуынша, шағын топтар (тайпалар деген мағынада қолданған) арасындағы «осындай бір нәтижесіз соғыстардың аяқталатын кезі келген».
«Сарбаздарды үйіне қайтарамыз. Біз тек пайдалы жерде жеңіс үшін күресеміз», – деп жазды Трамп «Твиттерге». Ол және: « Түркия, Еуропа, Сүрия, Иран, Ирак, Ресей және күрдтер қазіргі жағдайды біржақты етуі керек», – деген.
Осыдан бір күн бұрын АҚШ үкіметі Түркияның Сүрияда жаңа әскери операциялар бастағалы отырғанын хабарлаған еді. Бұл мәлімдеме тарап, бірнеше сағат өткенде күрдтердің «Хава» ақпарат агенттігі АҚШ соғыс техникаларының Түркия мен Сирия шекарасы маңынан шығарылып жатқанын хабарлады.
Ал, Сүрия Демократиялық армиясы жасаған мәлімдемеде, АҚШ әскери күштері «Түркияның шекарасына жақын аймақтан әлдеқашан шығарылғанын», сонымен бірге, АҚШ-Түркия арасындағы келісімге сай күрдтердің шекара маңындағы кейбір қорғаныс мүмкіндіктерін алып тастағанын, бұл «АҚШ-тың келісімді орындамауы» деп сынға алды.
Оқиғалардың дамуына, тараптар жасаған қадамдарға қарай отырып, мынадай болжам жасауға болады: Бұған дейін Құрама Штат Орта-Шығыстағы күрд күштерін белсенді қолдап келген. Алайда, Түркиямен соңғы сөйлесулерден кейін күрд күштерінен бет бұра бастаған болуы мүмкін. Әрине, Түркия күрд күштерінен төнген қауіптерге қарсы тұру үшін Құрама Штаттарға да белгілі ұпай үлестіргені анық. Нәтижесінде, түрік армиясы кірген аймақтан АҚШ армиясы шегініп шықты. Бұл күрд күштерінің қатерде қалғанын көрсетеді. Оның үстіне Трамптың «пайдалы жерде, тек жеңіс үшін күресеміз» дегенінен де ірі елдер арасындағы келісімдердің қай бағытта болғанын шамалап білуге болады.
Бірақ, Трамп соңғы мәлімдемесінде Түркияға ескерту жасап, "шектен шығып кетсе елдің экономикасын талқандаймын" деп қорқытқандай болды. Бұнысы әлі де күрд күштерінен толықтай қол үзіп кетпегенін де байқатқандай.