Ресей мен Қытай тарапынан Американың ғарыш саласына қауіп артуда және АҚШ Қорғаныс министрлігі бұған тойтарыс беру үшін өз жұмысын қайта құруы тиіс. Бұл туралы Уашингтонда өткен Атлантикалық кеңесте АҚШ Қорғаныс министрі көмекшісінің орынбасары Стивен Китэй мәлімдеді.
«Егер біз ғарыш саласында кездесетін қауіп-қатерлерге зер салсақ, олардың уақыт өткен сайын артып келе жатқанын байқаймыз. Қауіптің бар екендігі нақты мәлім және салдары елеулі. Қазір Қытай мен Ресей, әсіресе, ғарышқа қарсы қорғаныс күшін арттыруда, бұл өте маңызды. Құрама Штаттары құр қалмауы тиіс. Әлем өзгереді, Қорғаныс министрлігі де онымен бірге өзгеруі тиіс. Бұл өзгерістерге ғарышты қосымша функция ретінде қарап қана қоймай, бәсекелестікке назар аударып, күшімізді өрістетуіміз маңызды», – деді Пентагон өкілі. Сонымен қатар, Стивен Китэй Ресей мен Қытайдың ғарыш саласындағы дайындығы тек жердегі ғана емес, болашақта қақтығыстар мен дағдарыстардың артуына әкеп соғатынын атап өтті.
Күні бүгінге дейін АҚШ ғарыш саласында ғана емес, ұлттық қауіпсіздікке қарсы іс-қимылға баратын мемлекеттер тізімін жариялап, қорғаныс саласының мамандары дабыл қағып келеді. Осыған байланысты 6 қыркүйекте Америка Қарулы қүштер штабы комитетінің төрағасы, генерал Джозеф Данфорд халықаралық кеңес отырысында: «1990 жылы АҚШ ғарышта әскери саланы дамыта бастаған кезде, ешқандай қарсыластардың кедергі жасамауын жіті қадағалаған болатын. Қазіргі уақытта космос – нағыз бәсеке алаңы. Осы бағытта Құрама Штаттары үшін басты қарсылас, әрі қауіп төндіруші мемлекеттер қатарында Ресей, Қытай, Солтүстік Корея және Иран бар», – деп мәлімдеген.