АҚШ пен Талибан арасындағы бейбітшілік келіссөздерінің тоқтатылуына байланысты, АҚШ президентінің Ауғанстандағы өкілі Хализат Сенат алдында жауап беруге шақыртылды.
АҚШ-тың Ауғанстандағы өкілі Залмай Хализат бұған дейін тәліптердің жетекшілерімен Катарда 9 мәрте келіссөз өткізген болатын. Екі апта бұрын ол АҚШ пен Талибан негізгі ұстанымдар бойынша пікір бірлігіне келгенін мәлімдеген. Яғни, тараптар келісімге келіп, АҚШ Ауғанстаннан қарулы күштерін алып кетеді, ал Талибан елдегі террорлық шабуылдарды тоқтатып, «әл-Каида» сынды террорлық топтардың әрекетін тоқтатуға кепілдік береді деп күтілген.
Алайда, келіссөз күні де Ауғанстанның орталық қаласында тәліптер жағынан қарулы шабуылдар болды және бірнеше адам қаза тапты. АҚШ президенті тәліптер жағынан қарулы шабуылдардың тоқтамағанын алға тарта отырып, Талибан жетекшілерімен кездесуді және келіссөзден бас тартты.
Енді Залмай Хализат АҚШ Сенаты Сыртқы істер жөніндегі комитет алдында жауап беруге шақыртылды. Оған «Ауғанстан бейбітшілік» жобасы туралы мәлімет беру талаптарын атқармай келді деген айыптар да тағылып отыр.
Айта кетейік, АҚШ президенті Ауғанстандағы жауларына қарсы бұрынғыдан да агрессивті соққы беретінін білдірген болатын. Алайда, тәліптер де өз кезегінде: «Келіссөзді тоқтатқаны үшін Трамп бұл әрекетінің өтемін америкалықтардың өлімімен өтейтін болады», – деп те ескерткен.