Қырғызстан Ирактағы соғысқа араласқан қырғызстандық жиһадшылардың балаларын елге қайтару үшін Бағдатқа арнайы жұмыс тобын аттандырмақ. Бұл туралы қырғыз үкіметі ресми мәлімдеме таратты.

Ирак пен Қырғызстан үкіметтері арасында қырғызстандық жиһадшыардың балаларын еліне қайтару және оларды қоғамға қайта дайындау мақсатында үкімет аралық топ құрылған. Таяу арада қырғызстандық жұмыс тобы Бағдатқа бармақ.

Қырғызстан үкіметінің ресми мәлімдеулерінде «қырғызстандықтардың балалары» деп айтылады. Сондықтан, арнайы жұмыс тобының радикал топтарға ілескендердің тек балаларын ғана елге қайтара ма, әлде жиһадшыл азаматтар да бар ма, ол жағы анық емес.

Арнайы топ бұған қоса Сүрия жеріндегі Қырғызстан азаматтарының санын және олардың қайда екенін анықтау жұмысын да қоса атқарады. Мәліметтерге қарағанда, экстремистік топтарға ілескен жүзден астам қырғыз азаматы Сүрия жерінде оққа ұшқан.

Айта кетейік, экстремистік топтардың арбауына ілесіп, соғыс өрті тұтанған Сүрия мен Ирак жеріндегі соғыстарға қатысқан азаматтары мен олардың отбасын елге қайтару және қоғамға қайта дайындау үшін Қазақстанда «Жусан» операциясы жүрілген. Аталған операция жүздеген азаматты елге қайтарды. Бұндай қадамдарға Орталық Азиядан Қазақстаннан кейін Өзбекстан және Тәжікстан елдері де барған болатын.

“The Qazaq Times”