АҚШ Мемлекеттік департаменті Иранның мұнай тасыған кемесінің капитанына миллиондаған доллар ұсынғанын растады. Уашингтонның ресми тұлғасы Брайан Хук ирандық Adrian Darya 1 танкерінің капитанына электронды хат жолдап, кемені АҚШ ұстап кете алатын аймаққа айдап барса жеке шотына миллиондаған доллар аударатынын айтқан.

Аталған кеме шілде айында Гибралтар жағалауында шикі мұнай тасып бара жатқан жолында британдық әскерилер жағынан тұтқындалған болатын. Оны АҚШ пен ЕО-ның Сүрияға қарсы санкциясын бұзды деп айыптаған. Алайда, Иран билігі бұл айыптауды жоққа шығарып, кеменің бағыты Сүрия емес екенін айтты. Осыдан кейін Adrian Darya 1 босатылған. АҚШ бұл қадамды сынға алып, кемені босатпауды талап еткен.

АҚШ Мемлекеттік департаментінің кеме капитанын сатып алмақ болғанын Financial Times басылымы жазып шықты. Америкалық ресми тұлғаның жолдаған электронды хатында Мемлекеттік департаментке байланысты шұғыл ұсыныс та айтылады. Алайда, кеме капитаны Акхилеш Кумар хатқа жауап бермеген, сондықтан да Уашингтон оны да санкция тізіміне енгізген.

«Кеменің командирлеріне және оларды басқарған компанияға да қарсы шұғыл әрекет еттік», – делінген Мемлекеттік департаменттің баспасөз баянында.

Өткен аптада АҚШ Adrian Darya 1 кемесін қара тізімге енгізді. Әрі, танкердегі шикі мұнайдың Сүрияға бағытталған деген пікірінен танбай келеді. Трамп әкімшілігі ирандық тасымал компаниясына санкция салды және Теһранның жасаған жүйесіне тосқауыл жасаған адамға 15 млн доллар сыйлық ақы беретінін де жариялады. Иран СІМ басшысы Мұхаммад Жавад Зариф Трамп үкіметінің бұл әрекетін «пара ұсынып жатыр» деп сынға алды.

“The Qazaq Times”