Бүгін күндіз Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында жергілікті халық қытайлық 55 зауыттың Қазақстанда салынуына қарсы жиын өткізді.

Әкімдік маңына жиналған жүзге тарта тұрғын «Қытайдан қайсыбір сау зауыт келеді дейсің» деп кәсібилігіне күмән келтіріп, шетелдік бизнес сектордың келуін қытайлық кадрларды тартудың астыртын жобасы деп санайтынын айтты. Көпшілік «келешегімізді ойлайық, ауызбіршілікте болайық» деп ұрандасты.

Жиналғандар «Біз отыз жылда жерінің астында Менделеевтің бүкіл элементі бар мемлекетте ең соңы күніміз екі сиырға қараған хәлге жеттік» деген орта жастағы ер адамның сөзін қолдайтынын білдіріп бақты. Наразылар «билік басындағыларға» «Қытай туралы тақырыпты жабу керек» деп талап қойды. Сонымен қатар азаматтар ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа 11-12 қыркүйекте Қытайға жоспарланған ресми іс-сапардан бас тартуын сұрап, үндеу жариялады.

Наразылықта ең жиі айтылған лозунгтік талаптар: «55 зауытты алып келу – қазақтың басына күн туғаны», «Біз жаңаөзендіктер қытайлық 55 зауыттың кіргізілуіне қарсымыз», «Бізге газ, жол мәселесінен де маңыздысы  55 зауытты алып келмеу».

Әкімдік өкілі мен әкім орынбасары Аманғали Нұрдәулетов наразылар алдына шығып, мекеме залына кіруді, сонда арыз жазуды ұсынды. Жаңаөзендіктердің наразылық акциясына құқық қорғау органдары кедергі келтірген жоқ. Қытай экспанциясына қарсылық көңіл-күй соңғы кездері қайта күшейіп, пикет-жиын түріндегі қарсылық шаралары еліміздің түкпір-түкпірінен бой көрсете бастады.

Азаттық радиосының хабарлауынша, ҚХР – Қазақстанға ең көп инвестиция құятын – төртінші, ең көп қарыз беретін үшінші ел. Ал Қытай билігі «Қазақстанды шикізат көзі, сауда нарығы және транзит аймағы ретінде пайдаланады». Былтыр Бейжің Қазақстанға 2 миллиард 62 миллион юань көлемінде несие берген. Жалпы жиыны астананың Бейжіңге қарызы 12 миллиард АҚШ доллардан асады деседі. Youtube видеохостингінде жарияланған жиынның әуесқой түсірілімі:

"The Qazaq Times"