Жақында Түркияның билеуші партиясы өзінің 18 жылдық мерейтойын атап өтті. Алайда, президент Ердоған басқарған партияның жоғары жетекшілері арасында пікір алауыздығы туып, партия өз ішінен бөлініп жатқаны туралы хабарлар тарады.
Түркия билігіндегі «Әділет және даму партиясы» («АК» партия) үшін биылғы жыл сәтсіз жыл болды деуге де болады. Наурыз кезіндегі сайлауда «АК» партия күтпеген жерден елдің ең ірі үш шаһарында жеңіліс тапты. Билеуші партия дауыс нәтижесін бұрмалау әрекеті болды деп тауып, сайлау нәтижесін жоққа шығарды. Бірақ, Стамбулда екінші рет өткен сайлауда «АК» партия тағы да жеңіліс тапты.
Бұл әрине президент Ердоған үшін үлкен соққы болғаны анық. Себебі, 17 млн халқы бар Стамбул Түркияның қаржы және экономика орталығы саналады. Оның үстіне Ердоғанның «Стамбулда жеңіске жеткен адам, Түркияда да жеңіске жетеді», – деген сөзі бар.
«АК» партияның Стамбулдағы екі мәрте жеңілісінен кейін, партияның өз ішінде де қайшылықтардың күшейгені туралы айтыла бастады. Биліктегі партияның үш жоғары өкілі дербес саяси партия жасақтауға тырысып жатқаны мәлім болды. Бұл туралы президент Ердоғанның 18 жылдық атаулы шарадағы сөзі де дәлел бола алады. Ол сөзінде: «Кейбіреулер ауыр жүкті көтере алмай, біздің бағытымыздан адасып кетті», – деді.
Сарапшылар алдағы уақытта Түркияда ішкі саяси жағдай ушыға түсуі мүмкін деп болжайды. Президент Ердоған жаңа саяси партия құрып жатқан саясаткерлерге қарсы мемлекеттік бастауы да мүмкін деген пікірлер де бар. Оларға «бүлікші», «тыңшы» деген айыптар да тағылуы мүмкін.
Партия ішіндегі пікір қайшылығы «заңға, экономикалық саясатқа және жекелік бостандық» тақырыптардан шықса керек. Елдің бұрынғы премьер-министрі Ахмет Даутоглу президент Ердоғанмен пікірі жараспағандықтан 2016 жылы қызметінен кеткен болатын. Көп өтпей ол билік партиясын «реформашыл ұстанымнан айнып барады» деп сынаған.
Бұрынғы СІМ басшысы Әли Бабажан да шілде айында қызметінен кетті және жаңа саяси партия құру жоспарын ашық жариялады. Түріктің кейбір басылымдары Али Бабажанды бұрынғы президент Абдуллах Гүл қолдап отырғанын да жазған. Атаулы шарада осы аталған үш саясаткер шақырылмады және олардың партияның жеңісті тарихына қосқан үлестері туралы айтылмады. Бұл кейбір партия мүшелерінің наразылығын күшейткен. Себебі, «АК» партияның жеңісті жолдарында аталған үш саясаткердің үлесі көп болғаны белгілі.
Әрине, Ердоған басқарған партия билікке келгеннен кейін, Түркия экономикасы таңқаларлық тез дамып, ІЖӨ құны да әлемнің алдынғы 20 еліне кірді. Экономикадан тыс, қорғаныс, ғылым-технология салаларында да бірқатар жетістікке ие болды. Алайда, 2013 жылдан бастап партияның билігіне қарсы наразылық күшейіп кетті. Соңғы екі жылда ел экономикасы да ауыр сынның астында тұр.