Өзбекстан мен Қытай бірлескен инвестициялық қор құрды.
Тамыз айының 27-і күні Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Ариповтың Қытайға жасаған ресми іссапары барысында Иновация және сыртқы сауда министрлігі мен СІТІС корпарациясы негізгі капиталы 1 миллиард долларды құрайтын бірлескен инвестициялық қор құруға уағдаласты. Алдын ала болжам бойынша, қор қаржысының негізгі бөлігі Өзбекстандағы мұнай-газ, химия өндірісі салаларына бағытталмақ.
2016 жылдың желтоқсан айында «Kazah Invest» компаниясы мен «Жібек Жолы» қоры бірлесіп Қазақ-Қытай инвестициялық қорын құрған. Оның бастапқы капиталы 2 миллиард доллар болған. Бұдан бөлек Қазақ-Қытай қоры Астана халықаралық қаржы орталығының 5 пайыз акциясын сатып алған.
Қыркүйек айының басында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай еліне ресми іссапармен барады. Әзірге іссапар барысында қай бағытта келіссөздер жүргізілетіні белгісіз. Кеше мемлекет басшысы Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяоны қабылдап, аталмыш іссапарға байланысты пікір алмасты.