Сауда соғысында АҚШ үшін қолайлы келісім жасаудың орайы келді. Бұндай мәлімдемені кеше аяқталған "Үлкен жетілік" саммитінде Құрама Шаттардың президенті білдірді.
Кеше мәресіне жеткен G7 саммиті кезінде АҚШ президенті Дональд Трамп сауда соғысының қауіп-қатеріне байланысты "Үлкен жетілік" мүшелерінің алаңдаушылығын барынша сейілтуге тырысты. Тіпті, ол Бейжіңмен келіссөзге келу туралы да кейбір ойларын ортаға салды. Оның айтуынша, сауда соғысы басталған 18 айдан бері АҚШ үшін тиімді келісім жасасудың орайы енді ғана келді.
Бірақ, оның бұл мәлімдемесінен бір күн бұрын Қытай мен АҚШ кезектескен "тариф шабуылын" жасаған еді. Қытай өзіне кіретін 70 млрд доллар құнындағы АҚШ тауарларына 5-10 пайыздық тариф белгіледі. АҚШ өз кезегінде оған екі есе жауап қайтарып, бұрынғы 250 млрд доллар көлеміндегі Қытай тауарларына 25 пайыз салықты 30 пайызға дейін көтеретінін, қазір 10 пайыздық тарифтерді 15 пайызға дейін жеткізетінін мәлімдеді. Бұл АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысының ең бір қайшылықты тұсы ретінде бағаланған болатын.
Алайда, Трамптың саммиттегі мәлімдемесінен кейін, халықаралық сарапшылар оның шешімі Бейжіңді келіссөзге көндіру үшін жасалғанын айтады. Қытайдың қарымта жауабына еселенген қысым арқылы жауап беріп, АҚШ-қа тиімді болған сауда шартына келтіруге әрекет етеді деп қарайды.