Қырғызстан парламентінің экс-депутаты Өмірбек Бабанов 19 тамызда кешкісін экономикалық қылмысқа қарсы күрес (қаржы полициясы) қызметі тарабынан сұрауға алынған.

Ол журналистерге "Қырғызстан" банкіне қатысты өзін тергеуге алғанын жеткізді. Бірақ тергеу құпиялығына қатысты, журналистер сұрағына ашық жауап бермеді.

Ол сонымен бірге 20 тамызда Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті тарапынан тергеуге шақырылған.

"Республика" партиясының лидері Өмірбек Бабанов 9 тамызда Мәскеуден Бішкекке оралды. Манас әуежайында оны жүздеген жақтастары күтіп алды. Елдің арнайы қызметі саясаткерге қатысты екі бірдей қылмыстық іс қозғалғанын, Бішкекке оралған жағдайда жауапқа тартылатынын мәлімдеген.

Өмірбек Бабанов 2017 жылы сайлауға қатысып, қазіргі президент Сооронбай Жээнбековтен жеңілген. Сайлау науқаны кезінде сол кездегі мемлекет басшысы Алмазбек Атамбаев оны Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескені үшін «көрші елдің құйыршығы» деп атап, Ақорданы «біздің ішкі ісімізге араласты» деп айыптаған. Сайлаудан кейін Бабанов саяси мансабын аяқтайтынын айтып, елден кеткен. Осы уақытқа дейін ол Мәскеу қаласында болған.

Өмірбек Бабанов - Қырғызстандағы "Қырғызстан" банкінің қожайыны.

"The Qazaq Times"