АҚШ президенті Дональд Трамп жексенбіде Нью-Джерси штатының Морристаун қаласында жасаған мәлімдемесінде Гонконг тақырыбын сөз етті. АҚШ президенті сөзінде егер Гонконгтағы жағдайға Қытай үкіметі қаталдық танытатын болса, бұл АҚШ-Қытай сауда келіссөздері кері әсерін жасайтынын ескертті. Мәлімдеме барысында ол Қытай басшысы Ши Жинпиңді Гонконгтегі наразы топпен келіссөзге келуге шақырған
Президенті Трамп Гонконг дағдарысының оңды шешім табуы АҚШ пен Қытай сауда келісіміне жағымды әсер беретінін айта келіп: "Егер Гонконгтегі жағдайға қарата Қытай үкіметі қатал әрекеттерге барып, зорлық-зомбылық орын алса немесе "Тағы бір Тянанмын оқиғасы" қайталанатын болса, бұл бізге де қысым болмақ. Бұл екі ел қатынасына салқын тигізеді. Екі ел арасындағы сауда келісіміне кері әсерін етеді", – деді.
Трамп сонымен бірге Қытай басшысының азаматтармен келіссөз үстеліне отыруға әдетіне айналдырмағанын сындай келіп: "Дүние өзгеріп келеді деп ойлаймын, Ши Жинпиң мырза олармен (наразы топпен) отырып сөйлесетін болса, бұл барлық тарапқа тиімді болар еді",– деген.
Ақ үй басшысы кешегі мәлімдемесінде Гонконгтың наразылық шараларын ұйымдастырушылардың әрекетін де жоғары бағалады. Олардың ісін "ерлік", "мықтылық" деген сөздермен атап өткен.
Гонконг шаһарындағы наразылық шаралары бастапқыда гонконгтік азаматтарды экстрадициялау туралы заң жобасына қарсылықтан басталғанымен, соңғы кездері наразы топ Гонконг қаласының дербестігі туралы да ұрандар көтере бастады. Кейбір сарапшылардың пікірінше, бұл наразылықтардың артында АҚШ пен Ұлыбритания тарабы да тұрған болуы мүмкін. Себебі, Гонконгтегі жүздеген шетелдік банктерде АҚШ бастаған батыс елдерінің қаржысы да бар. Ши Жинипң билігінің қысымы Гонконгті паналаған қалталы байларға да ауыр соққы болуда. Бұл бірқатар Батыс елдерінің мүддесіне де соқтығысып жатқан күрделі қайшылық. Коммунистік режимнің қысымынан кейін елден қашуға мәжбүр болған қалталы қытайлықтар да Гонконгке топтасқан. Шетелден Қытайға кіретін инвестиция да аталған шаһарды басып өтеді. Бір сөзбен айтқанда көптеген тараптардың мүдделері келіп тірелген тоғыз жолдың торабы. Сондықтан да, қазіргі Бейжің билігіне қысым түсіре отырып, келісімдерге келтіру үшін де бірқатар алпауыт елдер Гонконгті пайдаланбай қалмайды. Шиеленіс ушыға берсе, онда бұл жағдай Қытай билігін, жақсы-жаман болсын, үлкен шешім қабылдауға итермелейді.