Кашмирдің Үндістан басқарған аймағы автономиясынан айрылуы мүмкін. Бұл туралы Үндістанның премьер-министрі Нарендра Моди бір күн бұрынғы ел тәуелсіздік күніне арналған салтанатты шарада ортаға салды.
"Кашмир аймағы енді бұрынғы қуатына қайтады", – деп бастаған Моди сөзінде – " Кашмир тұрғындарының талап-тілегін орындау біздің міндетіміз. Олардың арман-тілегін жүзеге асыру біздің жауапкершілігімізде. Ол үшін Үндістанның 1 млрд 300 млн халқы шұғыл әрекет етуі керек. Мақсатымызға жету үшін тап болған түрлі кедергілерден өтіп келеміз", – деген.
Үндістан басшысының бұл сөзінен кейін Пәкістан премьер-министрі бірден мәлімдеме жасап, халықаралық қауымдастықты Кашмир тақырыбына назар аударуға шақырды. Имран Хан өзінің әлеуметтік желідегі мәлімдемесінде: "Мен халықаралық қауымдастыққа ескерту жасағым келеді. Егер бұған жол берсеңдер, зардабы тым ауыр болады. Мұсылман жұртшылығында зорлық-зомбылық пен радикализм күшейіп кетуі мүмкін", – деген.
Соңғы екі жылдан бері Үндістан мен Пәкістан арасындағы тарихи талас-тартысқа толы дау-дамай қайта ушықты. Тіпті, екі елдің шекаралас аймақтарында қарулы қақтығыстар да болды. Кезектескен әуе кемелерін атып түсіру әрекеттері де орын алды. Бұл қайшылықтарды шешу мақсатында Имран Хан мен Нарендра Моди келіссөзге талпыныс жасап та көрді. Алайда, тарихы тереңге кеткен қайшылық түбегейлі шешім табар түрі жоқ.