Жетісу төрінде «100 томдық Жетісу кітапханасы» жобасымен жарық көрген 41 жаңа кітаптың тұсауы кесілді.

Шараға аймақтағы еліміздің әдебиеті мен мәдениетінің дамуына  өз үлесін қосып келе жатқан зиялы қауым өкілдері мен ақын-жазушылар, басқа да танымал адамдар қатысты.

Тұсаукесерге облыс әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиев қатысып, өз кезегінде ол: «Бүгінгі оқырманға  жол тартып отырған жаңа туындылардың барлығы облыс әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен жарық көрді. Соның  тең жарымы ертеңінен үлкен үміт күттіріп отырған  жастардікі. Олардың арасында аймағымыздың мақтанышына айналған өткір ой, шұрайлы тілімен елімізге танымал бола бастаған небір үздіктер бар. Сондықтан жалпы қаламгерлердің қаламына қарым, өздеріне ерекше дарын тілейміз», – дей келе жиынға жиналған қаламгерлермен бірлесіп, су жаңа кітаптардың лентасын қиды.

Бұдан соң  Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бақыт Беделхан өңір әдебиеті мен мәдениетінің өркендеуіне үнемі қолдау көрсетіп келе жатқан облыс басшысына айрықша алғысын білдірді. Сонымен қатар, Жетісу жерінде күзге қарай облыс әкімдігі мен Қазақстан Жазушылар одағының бірлескен жобасы ретінде республикалық үлкен әдебиет форумы өтетінін атап өтті. Әрі сол шара барысында Одаққа жас қаламгерлердің де қабылданатынын жеткізді.

Бір атап өтерлік жайт – биылғы «100 томдық Жетісу кітапханасы» жобасының ерекшелігі де сол, бір мезетте 20 жас қаламгердің жинағының жарық көруі және оның ішінде 18 автордың тұңғыш кітабының оқырманға жол тартуы болды.  Бұл Жастар жылына орай Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесе жұмыс істеген облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бастамасы.

Бастама демекші, осы ретте жиырма жас қаламгерді іріктеп алып, олардық шығармаларының жарық көріуіне жол ашқан Қазақстан Жазушылар одағы Алматы облыстық филиалының директоры, ақын Ерлан Жүніс басшылыққа құрмет білдіріп, атқарылып жатқан игі шараларды тілге тиек етті.

«Жыл сайын облыс әкімінің қолдауымен аймағымыздағы ақын-жазушылардың көптеген кітаптары жарық көреді. Мәселен, өткен жылы 37 кітап жарық көрсе, биылғы жылдың алғашқы жартысында мінекей 41 кітап баспадан шықты.  Бұл кітаптардың  20-сы биылғы «Жастар жылы» аясында, жас қаламгерлерді қолдау негізінде арнайы басылып шыққан олардың алғашқы кітаптары. Осы құсқанат-туындылар жастардың алғашқы шығармашылық өміріндегі алтын қазығы, тіпті, Жетісудың, қазақ әдебиетінің өміріндегі үлкен бір тарихи сәттердің бірі болды деп санаймын», – деді Ерлан Төспайұлы.

Айта кетейік, жиынды облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысы Марлен Көлбаев жүргізіп отырды.  Шараның жоғары деңгейде өтуіне жетісу әдебиетінің алтын сарайы С. Сейфуллин атындағы әмбебап кітапханасының ұжымы атсалысты.

"The Qazaq Times"