Өзбекстан экс-ханшайымы Гүлнара Кәрімова ауруханаға түсті.
Адвокат Грегуар Манжа «Twitter» парақшасына Гүлнара Кәрімованың ауруханаға түскендігі жөнінде жазды. Манжаның сөзінше, ол өз қорғауындағы Кәрімовамен кездесуді күтіп алты сағат отырған. Бірақ түрме әкімшілігі кездесуге сол күйі рұқсат бермеген. Кейіннен ол түрме аумағынан бірнеше жедел жәрдем көлігінің шығып бара жатқанын көрген. Манжа дерек көздеріне сүйеніп, жедел жәрдем көліктерінің бірінде Гүлнара Кәрімованың болғандығын айтуда.
Бұған дейін БАҚ беттерінде бірнеше мәрте «Гүлнара Кәрімованың денсаулығы нашар» екендігі жөнінде ақпараттар тарған.
2015 жылы Ташкент соты Кәрімованы мемлекет қаржысын талан-таражға салды және салық төлеуден жалтарды деген айыппен бес жылға соттаған. Кейіннен Кәрімованың үстінен жемқорлық, аса ірі көлемде пара алу, ұйымдасқан қылмыстық топ құру баптары бойынша қылмыстық іс қозғалып, 2017 жылы 10 жылға бас бостандығынан айырылған.
Әкесі Ислам Кәрімовтың көзі тірі кезінде Гүлнара Кәрімова Өзбекстандағы беделді саясаткерлердің бірі болған. Оның саяси болашағына көпшілік «әкесінің орнын басатын мұрагер» деген баға берген.