АҚШ-та Мексикадан келген мигранттарды «әлеуметтік желілерде мазақ етті» деген айыппен кеден қызметкерлеріне қарасты тергеу басталды.

Мәліметтер бойынша, қызметкерлердің ғаламтордағы жеке сайтында «босқындардың құқығын таптау, әлеуметтік теңсіздік орнатуға» бағытталған жазбалар жарияланып келген. Бір посттың авторы Латын Америкасынан келген әйелді өзенге лақтыруды ұсынған. Осы ретте АҚШ-тың кеден-шекара қызметі басшылығы мен шекаралық патруль басшысы Карл Провост тәртіп бұзған қызметкерлер жауапкершілікке тартылатынын хабарлады.

Техас қаласындағы мигранттарды ұстау орталығындағы сапарынан кейін АҚШ Өкілдер палатасының мүшесі Окасио-Кортес өзінің «Твиттер» парақшасында шекаралық патруль қызметкерлері мигранттарды лас су ішуге мәжбүр етеді деп жазды. Сондай-ақ саясаткердің өзі физикалық сипаттағы қауіп-қатер объектісіне айналғанын айтады. Сапар кезінде ол мигранттарды «мазақ ету мақсатында» салынған карикатураларды тапқан.

Шекара патрульдері қызметінің ресми өкілі Мэттью Кляйн хабарлағандай, қазір ведомство тергеу жүргізіп жатыр. Сол себепті АҚШ-тың шекара патрульдері қызметі әзірге Окасио-Кортестің жазбасына қатысты түсініктеме берген жоқ.

Таяуда «Washington Post» газеті ішкі қауіпсіздік министрлігіндегі дереккөзге сілтеме жасай отырып, мигранттарға арналған орталықтарда ауыз су бар екенін және қызмет қызметкерлерінің ешқайсысы мигранттарды дәретханадан су ішуге мәжбүрлемегенін хабарлады.

Ресми статистика бойынша, АҚШ шекарасынан мексикалықтардың заңсыз өтуі 2000 жылдан бастап төмендеген. Сол жылы шекарадан заңсыз өтпек болған 1,6 млн адам ұсталса, өткен жылы – 400 мың босқын ұсталған. Биыл ақпанда аталған мәселені шешу үшін Дональд Трамп Мексикамен шекарада төтенше жағдай енгізу туралы заң жобасын жариялады. Алайда, жақында Техастағы мигранттарды күту орталықтарында келеңсіз жайттар орын алып, жүздеген баланың бірнеше апта бойы ауыз сусыз, тамақсыз өмір сүріп келгені анықталған. Осыған байланысты АҚШ Кеден қызметінің басшысы Джон Сандерс отставкаға кетті. Аталған жайттан кейін өткен аптада АҚШ Конгресі Америка – Мексика шекарасындағы мигранттарға 4,5 млрд доллар гуманитарлық көмек көрсету туралы қаулыны бекітті. Бөлінген қаржының 3 миллиард доллары ел аумағына ата-анасыз келген балаларды күтуге жұмсалады. Ал 1 жарым миллиардтан астам доллар заңсыз мигранттарды азық-түлік және баспанамен қамтамасыз етуге арналады.

 

"The Qazaq Times"