Еурокомиссия бюджеттік ережелерді бұзған Италияға санкция салудан бас тартты. Бұған елдің экономикалық дағдарысы себеп. 

Одақтың экономика және қаржы жөніндегі еурокомиссары Пьер Московисидің мәліметінше, мұндай шешімге Италияның қаржылық тапшылығы себеп болған. Бірнеше күн бұрын Рим елдің жылдық бюджет тапшылығын 7,6 миллиард долларға қысқартуға мүмкіндік беретін шараларды мақұлдаған болатын. Нәтижесінде, Италияның тапшылығы жалпы ішкі өнімнің 2%-на жеткен. Енді Италия 15 қазанға дейін Еурокомиссияға 2020 жылға арналған бюджетті ұсынуы тиіс.

Арнайы кеңесте еурокомиссар: «Еурокомиссия шамадан тыс тапшылық процедурасына негізделген Италияның қарызы қазіргі уақытта нақты емес деген шешімге келді. Мен оны келесі аптада өтетін Еурокомиссия отырысында толық түсіндіремін. Және онымен одаққа мүше елдердің қаржы министрлері келіседі деп үміттенемін», – деді.

Былтыр осы мәселеге қатысты кезекті жиын өтіп, Еурокомиссия Италиядан алғаш рет бюджет жобасын толықтыруды талап еткен. Рим әлеуметтік бағдарламаларға қатысты бюджет көлемін 0,9%-ға ұлғайтуды ұсынғанмен, Брюссель оны кері қайтарды. Себебі, екі тарап ұсынысындағы айырмашылық 25 миллиард еуроға жеткен. Қазірдің өзінде Италия жұмыссыздық индексі бойынша ЕО елдері арасында үшінші орында. Кейіннен елдегі қаржылық дағдарысты және жұмыссыздық деңгейін қалыпқа келтіру үшін президент Серджо Маттарелло жаңа реформа қабылданатынын мәлімдеген.

"The Qazaq Times"