Қытай шекарашылары Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық аймағы арқылы елге кірген туристердің телефондарына тыңшылық құрылғылар орнатқан. Бұл туралы шетелдік бірқатар БАҚ-та (The Guardian, Motherboard, The New York Times, Süddeutsche Zeitung) жарияланды.

Шыңжаң шекарашылары шекарадан өтпестен бұрын туристердің құлыпталмаған телефондарын өздеріне беруді талап етіп, телефонмен біраз уақыт жоғалып кеткен. Қытайға Қырғызстанның шекарасы арқылы кірген жолаушылар кедендік тексерулерден кейін iPhone телефондарының компьютерге қосылғандығын айтып шағымданған.

Ал Android платформасындағы телефон қолданушылары тексерістен өткен соң телефондарына BXAQ бағдарламасы орнатылғандығын байқаған. BXAQ бағдарламасы құрылғыларды сканерлеп, телефон нөмірлері, мәтіндік хабарларды, қоңырау тарихы секілді жеке деректерді жинайды. Шекарадағылар телефонға орнатып, құрылғыны тексерген соң, бағдарламаны өшіруді ұмытып кеткен де болуы мүмкін деген болжам бар.

Мәселен, 2018 жылдың жазының соңында Қырғызстаннан Батыс Қытайға шекарадан өткен туристің айтуынша, смартфонынан осындай бағдарламаның орнатылғанын көрген. Қытайлар телефондарды жинап алғанда не істейтінін айтпайды, тек "қару-жарақ, терроризм, исламизм және порнографияның белгілерін іздейміз" деп айтады дейді ол.

"Бұл маған ұнамайды. Егер мұндай жағдай менің елімде болса, мен қорқатын едім. Ал, Қытайға барғанда бәріне дайын болу керек дер едім", - дейді саяхатшы.

Сондай-ақ, the Guardian Қытай үкіметі жергілікті мұсылман тұрғындарының түрін тану мақсатында көшелер мен мешіттерде бақылау камераларын орнатып, олардың бостандықтарын шектеуде деп жазады. Сонымен бірге, тұрғындарды телефондарына ылғи бақылауда ұстап, құрылғыны зерттеп отыратын бағдарламаны жүктеуге мәжбүрлеген.

Бұдан бөлек соңғы жылдары халық арасында Қытайдағы қазақ, қырғыз мәселесі қызып тұр. Себебі жергілікті билік арғы беттегі этникалық қазақтар мен қырғыздарды қудалап, мәжбүрлі түрде саяси үйрену лагерлеріне аттандыруда. Жалпы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық аймағындағы аз ұлттардың жергілікті билік тарапынан қысым көріп жатқандығы жөнінде халықаралық БАҚ беттерінде ақпарат тараған болатын. Алайда, ресми Бейжің өзіне тағылған айыптардың барлығын жоққа шығарып, саяси үйрену орталықтарындағы адамдардың барлығы өз еркімен барғандығын алға таруда.

"The Qazaq Times"